Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай әдеби кеш өтті

  • 10
  • 04.08.2025, 18:39

Семейде ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай әдеби кеш өтті. Оған жас ақындар мен өнерпаздар қатысты. Сонымен қатар танымал дәстүрлі әншілердің концерті ұйымдастырылды. Мақсат – Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу.

Ашық аспан астында өткен «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш жастардың басын қосты. «Ашық микрофон» форматында өткен кеште жас ақындар Абайдың өлеңдерін оқып, өз туындыларын да көпшілікке ұсынды. Сахнаға жұмысшы мамандық иелері шығып, ұлы ақынның шығармаларын нақышына келтіре орындады. Дәл осындай шара еліміздің бірнеше өңірінде бір уақытта өтті.

Олжас Бейсембаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Жасөспірімдер, балалар Абай туралы өздерінің шығарған өлеңдерін, әндерін салып, өнерлерін көрсетсе, қарасөздерін оқыса деген мақсатпен жиналып отырмыз. Негізгі мақсаты – жастарды жұмылдыру. Осы Абайдың онкүндігін қала тұрғындары мен жастар сезінсе деген мақсатта осы жерде ұйымдастырып отырмыз.

Кештің екінші бөлімі «Абай әлемі» деп аталады. Концертке еліміздің түпкір-түпкірінен қазақтың дәстүрлі өнерінің майталмандары жиналды. Сахнада орындалған туындылар Абайдың терең ойы мен философиясын ашып көрсетті.

Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның халық әртісі:

- Әр өнерпаздың саханаға көтерілгендегі айтқан әндеріне қол соғып отыру – ол әншінің үлкен бақыты. Абайдың айтқаны бар ғой «айтушыдан тыңдаушың мықты болсын», - дейді. Бір қазақ мың қазаққа татитын адамның қадірін білетін, өнердің қадірін білетін керемет тыңдарман келді. 2 сағат бізге 15 минуттай өте шықты. 

Жанжігіт Омархан, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы:

- Қазіргі ән өнерінде жүрген, дәстүрлі ән мектебінің бел ортасында жүрген сайдың тасындай өнерпаздарымыз бүгін Семейдің төріне жиналып, Абайдың тойының ақ шымылдығын үлкен биікке бір көтеріп кетті. Сондықтан осы рухани кештің бәрі халық үшін. Қол соғып, қошеметтеп отырған біздің жерлестеріміз үшін жақсы кештер жалғасын таба берсін. 

Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар апта соңына дейін жалғасады. Осы аралықта жиырмадан астам концерт пен мәдени іс-шара өтеді деп жоспарланған.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов