Шығыс Қазақстанда «Шығыс Салбурыны-2026» фестивалі басталды

  • 9
  • 09.10.2026, 18:52

10 елден жиналған 170-тен астам бүркітші сайысы екі күнге жалғасады. Осы өңірде алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл байқау ұлттық саятшылық өнерін төрткүл дүниеге паш етуге бағытталған.

Құсбегілікке қызыққандар жауған жаңбырға да қарамады. Алдымен құстарды шырғаға шақыру сайысы өтті. Одан сүрінбей өткендер келесі кезеңге жолдама алды. Шетелдік бүркітшілер байқаудың нағыз достық мерекесіне айналғанын айтып жатыр. 

Недим Мутлу, бүркітші / Түркия:

- Қазақстанды жақсы көремін, бұл елге төртінші рет келіп отырмын. Мұнда ағайын-туыстарым көп. Сондықтан бұл сапар мен үшін жарыстан бұрын достарыммен және жақындарыммен қауышудың ерекше мүмкіндігі.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші / Қазақстан:

- Бүркіт сайысы өтетін жерде жел де соғады, жаңбыр да жауады, қар да түседі. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Соған қарамастан, сайыс өз жалғасын табады. Мұнда тек бүркіттер ғана емес, қаршығалар да сынға түседі.