Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Қазір Әзірет Сұлтан музей-қорығының бар аумағында кешенді жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Бірден 18 нысанды қайтадан қалпына келтіру қолға алынған. Олардың ішінде Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Хан ордасы, Күлтөбе қалашығы және Хан мешіті сияқты тарихи құнды нысандар бар. Бұдан бөлек Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі аумағына жеміс-жидек көшеттері отырғызылып, көшпенділер салтын бейнелейтін этноауыл тұрғызылады. Ал Күлтөбе қалашығы орнында тарихшылар аспан астындағы музей ұйымдастыруды көздеп отыр.
Нұрлан Бекбергенов, «Қазреставрация» РММ өкілі:
- Қайта жаңарту мекемесі болғаннан кейін құндылықтың ою-өрнегі һәм террокот кірпіші қалпына келтіріліп, жаңартылып жасалынады. Жерасты қылует мешіттері, кіреберісі, қақпалары, Жұма мешітінің ішіндегі мехраб, олардың ою-өрнектері – барлығына толыққанды жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Әрине, бұл жерде ЮНЕСКО бақылауға алатын талап та бар. Сол шеңберден шығып кетпейтіндей етіп келіссөздер жүргізіліп жатыр.