Хабар телеарнасы

Ұлттық домбыра күніне орай Түркістанда күйшілер байқауы өтіп жатыр

Түркістанда ұлттық домбыра күніне орай «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өтіп жатыр. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған додаға еліміздің әр аймағынан 30 талантты күйші қатысып, бақ сынауда. Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңнің шартына сәйкес үміткерлер Сүгірдің және Төлеген Момбековтың бір шығармасын орындауы шарт. Іріктеуден өткендері қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен күй орындайды. 

Назерке Сұлтанғали, байқауға қатысушы:
-Бүгінгі байқауға мен сүгір Әлиұлының «Бес жорға» күйін және Төлеген Момбек атамыздың «Жайдары» күйін алып келдім. Бұл жерде бірінші кезеңде тек шертпе күйлер ғана болды. Сол жағы ерекшелік деп ойлаймын.

Мұрат Әбуғазы, күйші, қазылар алқасының мүшесі:
-Домбыра күні дегенде кейде біз науқанға беріліп, 2 мың, 3 мың домбырашыны шоуға айналдырып жібереміз. Олай емес, нақты өзінің табиғи, саф қалпында насихаттауымыз керек. Күй өнерін әлемдік ЮНЕСКО қабылдаған кезде осы тұрғыдан насихаттауға баса мән берілген болатын.