Хабар телеарнасы

Junior Eurovision 2020 байқауына дайындық қызу жүріп жатыр

Яғни бүгін қатысушылар өз өнерлерін пысықтады. Олардан бөлек, режиссер, стилист, бет әрлеуші, продюсер барлығы қызу дайындық үстінде.

«Еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген 12 қатысушы сынға сақадай сай», – дейді мамандар. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Еліміздің әр аймағынан жиналған 12 финалист ертең өз өнерін «Хабар» арнасының тікелей эфирінен берілетін гала-концертте паш етеді. Бұл өнер сайысында Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауының Ұлттық іріктеуінің жеңімпазы анықталады. Бүгін шешуші сынға қызу дайындық өтті.

Әмре,  қазылар алқасының мүшесі

– Балалардың барлығы ерекше дара,талантты. Балаларға баға беру өте қиын. Баланың дара жолы бар. Ең қиын дайындық ол – балаларда, ата-аналарда, ұстаздарда. Олар балаға бұл жобаны өмірлік маңызы жоба емес, тәжірибе ретінде, алға өсудің бір сатысы деп түсіндіру керек.

Республикалық байқауға 700-ге жуық бала қатысты. Жүзден жүйрік халықаралық ән байқауында ел намысын қорғайды. Жобаның вокалисі Гүлнәр Көшенова: «Жас таланттарды күніне 12 сағат дайындаймыз», – дейді.

Гүлнар Көшенова, жоба вокалисі:

– Балалармен күнде дайындаламыз. дайындық өлеңдерін дайындаймыз. Ең қиыны психологиялық жұмыс. Конкурстың ерекшелігі – авторлық әндер. Жұмыс композитормен болады. Балалар екіге бөлінді. Жартысы Алматыда композиторлармен дайындалып жатыр.

Бұл сахна сыртындағы нағыз сиқыршылар. Олар әр қатысушының көркемдігі мен сахнаның безендірілуіне жауап береді. 

Анарбек Жәрдемов, стилист:

– Қазіргі таңда 3 тігінші жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа 6 стилист бар. Біз соңғы күні ұйықтамай, киімдерді тіктік. Осы қарбаластың өзі күш-қуат береді.

Биыл індетке байланысты байқаудың финалы онлайн форматта өтеді. Еуропалық хабар тарату одағы осындай шешім қабылдады. Енді финалға жолдама алған әр қатысушы өз еліндегі студияда ән шырқайды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров