Алматы облысындағы «Нарынқол» халық театры қайта құрылды
Аталған өнер ұжымы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық-сазды драмасын сахналап, өзінің халықтық атауын қайта қорғады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев. Ол иісі қазақ түгел білетін шығарманы бұл жолы басқа қырынан көрсетіп, жаңаша сипатта сахналады. Қойылымда Қарасаздан түлеп ұшқан қос ақын Мұқағали мен Еркін Ібітанов бейнелері қайта қауышып, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Алматы облысында қазір 11 халық театры бар. Жетісу жеріндегі 17 аудан, үш қаланың барлығында жыл аяқталғанша халық театрлары қайта құрылады деп күтілуде.
Асқар Наймантаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Негізі 1957 жылдан бастап көркемөнерпаздар үйірмесі болып құрылған. 60 жылдан есептесек, 60 жыл болғалы тұрған театр екен. Тек арада мына аудан қысқарып қалғаннан кейін театр да аяқастынан жоқ болып кеткен. Тұсауын кесіп отырған дүниемізді әдейі Мұқағалидың шығармасына бұрып отырғанымыз сондықтан.
Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық артисі:
- Халық театры – халықтың жүрегінен шығатын өнер. Өйткені халықтың жүрегі уайымдаса, халықпен бірге уайымдатады. Ал енді халық театры өрлеп тұрған жердегі халықтың көңілі қандай болады? Әрине, өте жоғары. Нарынқол халық театрының қайта туған күні құтты болсын!