Қазақ әншісі Рухия Байдүкенова «Славян базары» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды
Оның 5 октавалы даусы мен орындау шеберлігі қазылар алқасын бей-жай қалдырмады. Доданың алғашқы кезеңінде-ақ Рухия жоғары ұпайға ие болып, өзге әншілерден оза шапқан еді. Байқаудың ең үздік орындаушысына жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко тапсырды. Бұған дейінгі «Славян базарында» топ жарған әлемге әйгілі Димаш Құдайберген де биылғы ән байқауына қазылық еткен болатын.
Айта кетейік, 22 жастағы Рухия Байдүкенова Талдықорғанның тумасы. Ол ән айтумен бала кезінен айналысқан. Қазір бойжеткен Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. Ән байқауының толық көрсетілімін бүгін сағат 23:15-те «Хабар» арнасынан көре аласыздар.