Тарихи жанрдағы қазақ киносы 30 жылда қалай дамыды?
Олардың қаншасы тарихи, қаншасы көркем немесе деректі фильм екені есептелмейді. «Бірақ талғампаз көрермен патриоттық рухты оятып, батырлардың ерлігін бейнелеп, билердің даналығын баяндайтын тарихи кино туындылар көп емес», – дейді.
Елдің имиджін көтеретін, қазақтың тарихына бойлайтын фильмдерді көбейту – Президент тапсырмасы. Ол үшін Мемлекет басшысы арнайы «Қазақфильмді» жаңғыртуды тапсырды. Қиян кескі қазақ-жоңғар шайқасын, Әбілқайыр, Абылай хандардың ерлігін, Төле бидің батырлығын бейнелейтін мұндай тарихи кинолар көп деп айта алмаймыз. Десе де осыдан 30 жыл бұрын қазақ экранына жылына бір фильм жол тартса, бүгінде олардың саны көбейгені рас.
Міне, бұл – соңғы жылдары түсірілген қазақ жастарын рухтандырған тарихи экшн фильмдердің тағы бірі. Әйтсе де тұтас бір ұлттың тарихын қазбалап зерделеп, елдің имиджі үшін жасалатын салиқалы, ауқымды, әлемдік деңгейдегі фильмдер аз. Бұл – ең әуелі патша көңілді көрерменнің пікірі.
Көрермендер кейде актерларға кінә артады. Мұндай пікірмен қазақ киносы мен театр актері Сырым Қашқабаев келіспейді. 22 жыл еңбек өтілі бар кино майталманы сапалы кино үшін қаржы аямау керек деп отыр.
Сырым Қашқабаев, кино және театр актері:
- Актерлардың шеберлігі де жетеді, қай ауқымдағы киноны алмасаң да, Қазақстан киноларын жап-жақсы деңгейде шығаруға болады. Рухыңды көтеретіндей, қазақтың «қазақ» екенін білдіретіндей кинолар некен-саяқ. Мүмкін, промоушен аз шығар, қазіргі заманда өзі әлеуметтік желіге келіп тіреледі.
«Қаражат қолбайлау» деген пікір де жиі айтылады. Мәдениет министрлігінің мәліметінше, биыл кино саласына бөлінетін қаржының 70% тарихи, имидждік картиналарға бағытталмақ. Күрделі тарихи фильмдерді экрандау үшін «Қазақфильм» киностудиясына зор үміт артылып отыр. Ал жалпы еліміз егемендік алғалы 91 жылдан бастап 600-ден астам фильм түсірілген. Тарихи, деректі, анимациялық, қысқаметражды өзгесі бар әйтеуір қарап тұрсақ, әжептәуір. Алайда патриоттық сезім ұялатып, жастарды қайрайтын фильмдердің аздығын «Қазақфильмнің» өзі мойындайды.
Айдархан Әділбаев, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:
- Бізде мотивациялық фильмдер өте аз. Бұл ретте көрермендер негізінен батыстың кинотуындыларын көруге әдеттеніп алған. Біз осы саланы қолға алмақпыз.
Президент тапсырмасымен «Қазақфильмді» жаңғырту 2023 жылға дейін жүргізілмек. Оған 10 млрд теңге жұмсалмақ. Ал 2030 жылға дейін отандық фильмдер санын екі есеге арттыру міндеті бар.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Арғыда – «Отырардың күйреуі», «Батыр Баян», бергіде – «Жаужүрек мың бала», «Көшпенділер» және өзге де фильмдер экранға шығарылды. Таяуда ғана «Қасым хан» кинотуындысының түсірілімі аяқталды. Қарап тұрсақ ұлттық, отандық тарихи кинокартиналардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Ал олардың әлемдік аренаға шығарылғаны тіпті аз. «Қазақфильмнің» басшысы биыл тек «Томирис» фильмі Түркияның 200 қаласында көрсетілуге прокатқа шығарылғанын айтты.
Тоқырауға ұшыраған жылдардан кейін отандық киногерлердің көбісі мамандықтан кетуге мәжбүр болған. Мамандарды даярлау 2000 жылдан қайта қолға алынып, қазақ киносын жандандыру сол кезде басталды. Шыны керек, оған дейін тарихи фильмді сапалы түсіретіндей ұлттық киностудияның техникалық жағдайы да болмаған.
Дана Әмірбекова, киносыншы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі:
- Өкінішке қарай 1990-2000 жылдар арасында «Қазақфильм» киностудиясында жылына бір немесе әрі кетсе, 2 фильмнен шығып отырды, оның басым көпшілігі тарихи жанрда болған жоқ. Жалпы тарихи жанрға бет алу 2000 жылдардан қайтадан басталды. Тарихи фильмдерді арнайы шетелдік көрермендерге ұнау үшін түсірудің қажеті жоқ. Өзіміздің төл көрерменіміздің көңілінен шыққан туындылар ғана өзге мемлекет өкілдеріне де қызықты болады деп есептеймін.
Рас, қазір жеңіл-желпі комедиялар қаптап кеткенін киносыншылар да айтады. Олардың коммерциялық мақсаты басым. Ал бүкіл халықтың рухын биіктететін тарихи туындыларда да талғам мен талап сай келуі үшін сценаристпен қатар режиссер нық болуы қажет. Нарықта мықты маман аз ақшаға келіспейді. «Ал Президент «Қазақфильмнің» қауқарын арттырып отырған тұста сапалы тарихи киноөнімдер енді көбеюі тиіс», – дейді сыншылар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аян Сәрсенбаев