Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толды
Бүгін әйгілі режиссер, актер, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл. Киногердің туындылары «Қазақ киносының алтын қорына» енген. Ал оның театр сахнасы мен кинодағы образдары актерлік шеберліктің үлгісіне айналды.
Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейінде кино майталманына арналған көрме ашылды. Салтанатты шараға келген кино ардагерлері дара тұлға жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, режиссердің шеберлігін жастарға әңгімеледі.
Шәкен Аймановтың мерейтойына арналған көрмеге фотосуреттерден бөлек режиссердің марапаттары мен жеке заттары қойылған. Олардың қатарында өзі ұстаған домбырасы, кино түсіру алаңында қолданған дауыс үдеткіші, шахмат тақтасы мен «Алдар көсе» фильміндегі асатаяғы бар. Бұл заттар «Қазақфильм» киностудиясынан әкелінген.
Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның халық әртісі, актёр:
- Домбыраны талай шертіп, талай өлеңдетіп, Шәкен аға екеуміз талай елдің көңілін тапқан адамдармыз. Сондықтан Шәкен ағаның кинода жұмыс істегені қазір кастинг деп жатыр, бізде ол кезде проба дейтін. Шәкен аға мені Хәкімнің рөліне «Атаманның ақырына» пробасыз алған. Бұл менің өмірімдегі бірінші рет пробасыз өткен фильмім.
Шәкен Аймановтың есімі қазақ киносымен қатар айтылады. Себебі оның режиссерлігімен түсірілген туындылар ұлттық кино тарыхының бастау бұлағында тұр. «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» сынды фильмдері талай ұрпақты тәрбиеледі. Экранға шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін жоғалтпаған классикалық туындылар.
Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның Еңбек ері:
- Шәкеңнің адамгершілігінің молдығы, диапазоны, натурасының өте кеңдігі ешкімге ұқсамайды. Мен өнерден гөрі, Шәкеңнен өмірде көп үйрендім. Көп үйрендім. Бір қиналып қалған кезімде бір нәрсені шеше алмай, қалай болар екен дегенде, Шәкең ойыма түседі. Осыны мысалы, Шәкең қалай шешер еді деп? Кейде жауабын аламын.
Азамат Сатыбалды, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:
- Шәкен ағамыздың әрбір киносы халықтың деңгейіндегі халық көре алатын, халықтың жүрегін жаулайтын, өзі сияқты кең ғой киноларының барлығы. Бізге қазіргі таңда қазақ киносына «Қазақфильмге» осындай бағыттағы, осындай форматтағы кинолар жетіспейді. Биылдан бастап «Қазақфильм» сондай форматтағы кинолар түсіретін болады.
Шәкен Айманов ұлттық кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кино саңлағының мерейтойына орай Халықаралық кинофестиваль мен Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында тақырыптық кино апталығы өтеді.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев