23 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотетрларында «Моя большая казахская семья» фильмі көрсетіле бастайды
Ерекшелігі – мұнда бір емес, 13 бірдей бас кейіпкер бар.
Жаңа отандық комедияның түсірілімі наурызда басталды. Міне, араға уақыт сала кинотуынды қалалар бойынша турын бастап та кетті. Алдымен елордада, кейін Түркістанда тұсаукесері өткен фильм қарапайым отбасының өмірі жайлы баяндайды. Манарбек атты бас кейіпкердің төрт баласы: ұлы және үш қызы бар. Оның тұңғышы армян әйелге үйленсе, үлкен қызы кәріске, ал ортаңғы қызы орысқа тұрмысқа шыққан. Енді оның бар уайымы –кенже қызының таңдауында. Әкесі күйеу баласы қазақ болғанын армандайды. Алайда кенжесінің таңдауы африкалық жігітке түседі.
Ален Ниязбеков, фильм режиссері:
- Бұл – отбасылық комедия жанрындағы фильм. Шытырман оқиғаға толы. Сондай-ақ көпұлтты отбасының басынан өткен жағдайды көрсетеміз. Көрерменге көңілді комедия ұсына отырып, отбасы құндылығын дәріптеуге тырыстық. Меніңше, тамаша туынды шыққан сыңайлы.
Фильмде әкесі жаңа күйеу балаларын қабылдай алмай, оларды біраз әуре сарсаңға салады. Отағасының рөлін елімізге танымал актер Қуандық Шәкіржанов сомдайды. Сондай-ақ басты рөлдерде Дина Тасболатова, Гүлнәр Сілбаева, Шынар Асқарова мен Әсел Сәдуақасова сынды танымал актрисаларды көруге болады.
Шынар Асқарова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қандай фильм, қалай түсті деп қазір толқу үстіндемін, жүрегіміз қағып тұр. Қалай болды, басы қасында жүрдік, атсалыстық. Жаныңды салып, еңбек еттің, бірақ дегенмен де қалай шығатынын білмейсің ғой.
Тәуелсіздік күніне тарту болған картинаның тұсаукесері алдағы уақытта Қызылорда, Шымкент және Алматы қалаларында өтеді. Ал 23 желтоқсаннан бастап фильм еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев