Қарағандыда Наурыз мерекесі қарсаңында көпбалалы отбасылар арасында байқау өтті
Сондай-ақ бұл күні балалар ұлттық ойындарды ойнап, Наурыз дастарқанынан дәм татты.
«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының алды нағыз мереке алаңына айналды. Күннің суығына қарамастан жұрт көп жиналып, ән мен жырдың тиегін ағытты. Ұлттық тағамдардың сан түрі самсаған дастарқаннан ауыз тиіп, мәре-сәре болды. Ал балалар жағы асық атып, арқан тартысты.
Ләззат Қожахметова, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының жетекшісі:
- Екі жыл пандемияда Наурыз жалпыұлттық деңгейде аталып өтпеді. Биыл наурызды жаңаша қарсы алып жатырмыз. Сағынып қалыппыз. Наурыз өзі жалпы көрші-қолаңдар мен таныстардың, ағайындардың, тұрғындардың бас қосатын мерекесі ғой. Біз далада наурыз көже таратып, ұлттық ойындар ұйымдастырып жатырмыз.
Мерекелік шаралар Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Көпбалалы отбасылар арасында өткен байқауда қатысушылар өнерлерін паш етіп, көрерменді тәнті етті. Сайыс төрт кезеңнен тұрды: өзін-өзі таныстыру, сұрақ-жауап, үй тапсырмасы және өнер көрсету.
Данияр Ыбыраев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Отбасымен қатысқан кезде балаларға мотивация болады. Балалар мақсат қоюды, оған жетуді үйрене бастайды. Өзіне жауапкершілік алуды үйренеді.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша Ыбыраевтар жанұясы бас жүлдені жеңіп алды. Бұл күні жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, мерекенің көркін қыздырды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев