Ақтөбеде «The Planet of ART-2022» халықаралық фестивалі өтті
Биыл бұл сайысқа қатысу үшін алты елден үш мыңға жуық өтініш түсіпті. Алайда тек 39 үміткер ғана гала-концертте өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Бала күнінен ән-күйге құмар Нұрдана Тохтан талай байқауларда топ жарып, көпшілікті таңғалдырып келеді. Бірақ бұл жолғы фестивальге зор дайындықпен келген. Себебі қатысушылардың барлығы бұған дейін өткізілген іріктеуден үздік шыққанын жақсы біледі. Сондықтан да сыннан сүрінбей өту үшін жақсы өнер көрсетуге тырысуда.
Нұрдана Тохтан, фестивальге қатысушы:
- Әнге құмар, күйге әуес бала жаны сұлу өмірге құштар болып өседі дейді. Бұл енді бекер айтылмаған. Бұл – үлкен жетістік. Біз осындай байқауларға қатысу, сахнаға шығу арқылы өзімізді өсіреміз. Дәрежеміз өседі.
«The Planet of ART-2022» деп аталатын халықаралық фестиваль жыл сайын ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен өтіп, оған мыңдаған бала қатысады. Соңғы уақытта бұған қатысушы елдердің де саны өскен. Биылғы шараға алты мемлекеттен жас дарындылар келіп, өз өнерлерін көрсетті. Үміткерлерден іріктелген үздіктер концерт барысында вокал, хореография және музыкалық аспапта ойнау номинациялары бойынша сайысқа түсті.
Сабина Ақжарова, ЮНЕСКО клубы қазақстан ұлттық федерациясының үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі:
- Биылғы гала-концертіміздің тақырыбы – бейбітшілік мәселесі. Өйткені қазір көріп отырғанымыздай, әлемде бейбіт өмір, келісім жетіспейді. Сондықтан дарынды балаларымыздың өнері арқылы тыныштық, мейірімділік, жақсылықты жеткізгіміз келеді. Жас өрендердің қоршаған ортаға деген үндеуі ерекше.
Фестиваль еліміздегі Балалар жылы және ЮНЕСКО клубы қозғалысының құрылғанына 75 жыл толу шеңберінде өтті. Ал сайыстың көркемсурет салу кезеңі алдағы күзде Алматыда ұйымдастырылады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков