Димаш Құдайберген Алматыда алғаш рет өнер көрсетеді
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
-Бүгінгі күнді алматылықтар көптен күтті. Оны тезарада билеттің сатылып кеткенінен-ақ байқауға болады. Айта кетейік, Димаштың концертіне билет шілденің 14-нен бастап сатылымға шықты. Алғашқы аптаның өзінде оның 80 проценті сатылып кеткен. Ал концертті тамашалауға жанкүйерлер Алматыға бірнеше күн бұрын арнайы келді. Қаладағы қонақүйлер Димаштың жанкүйерлеріне лық толды. Бұл Димаштың Алматыдағы алғашқы концерті. Оған әлемінң 68 елінен жанкүйер келді. Шараны ұйымдастыруға 200-ден астам маман мен 400-ге жуық волонтер жұмылдырылды. Димаш бұл концертте 31 композиция орындайды. Одан бөлек «Stranger» шоуы аясында жаңа әндердің тұсауы кесіледі. Димаш алғаш рет інісі Әбілмансұрдың сөзіне жазылған әнді шырқайды. Бұл француз музыканты FKJ шығармашылығынан алынған жастар әні. Бұл кеште Әбілмансұрдың өзі де өнер көрсетеді.
Ал биылғы күздің премьерасы – Димаштың «Бір аспанның хикаясы» атты испан тілінде жазылған шығармасы. Жаңа әнді ол латынамерикандық жанкүйерлерінің өтінішімен жазған. Жақында ғана өткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварездың жекпе-жегінде Димаштың Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын орындағаны белгілі. Осы спорттық шарадан кейін Димаштың жанкүйерлерінің қатары тағы толыға түскен. Әсіресе мексикалықтар Димаштың талантына аса қызығушылық танытып отыр. Бүгінде бұрын музыкадан алыс болған спортшылардың көбі Димаштың нағыз жанкүйері атанып үлгерген.
Естеріңізге сала кетейік, Димаштың концерті кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2 жарым мыңнан аса адам жұмылдырылады. Концертке үлкен халықаралық бишілер ұжымы, сондай-ақ атақты Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қатысады.