Шымбұлақ шетелдік қонақтардың туристік орталығына айналды
Алматының ең биік нүктесінде кофе ішіп, тау басында суретке түсу қала тұрғындарының ғана сүйікті ісі емес. «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты отандық және шетелдік қонақтардың негізгі туристік орталығы саналады.
Демалыс орны келушілерге жылдың әр маусымына байланысты әртүрлі демалыс түрлерін ұсынады. Қыста шаңғы теуіп, жазда тау бөктеріне жаяу көтерілуге болады.
Қаланың ортасынан Шымбұлақтың ең биік нүктесіне дейін бір сағатта жетуге болады. Мұнда орташа ауа температурасы жазда +20 градус болса, қыста 7 градус нөлден төмен. Ауа райына байланысты тосын мінез де көрсететін тауға шығатын туристер саны жыл бойы саябырсымайды. Жазда велоспорт, альпинизм, ат міну сынды көптеген спорттық демалыс қызметі көрсетіледі.
Никита Олейник, «Шымбұлақ» курортының департамент басшысы:
- Біздің еліміз Қытай, Иран, Үндістан сынды шет елдермен келіссөздер жүргізіп, визасыз режим енгізуді жолға қойып жатыр. Соның арқасында шетелдік туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Қазір аталған елдерден келушілер көп.
Таулы табиғат пен таза ауа қала тұрғындарының сүйікті демалысы. Мұнда көбі отбасымен келіп, керемет естеліктерді таспалауды әдетке айналдырған. Курортқа таксимен, автобус арқылы, аспалы жол немесе жаяу көтерілуге болады.
Әлішай Мұңсызбайқызы, тұрғын:
- Шымбұлаққа келген де, келмеген де арманда болып жүретінбіз. Міне, арманымыз орындалып, Аллаға мында бір шүкірлік деп тұрмыз енді. Осындай қазақ елімізде сайрандап, елімізде ұрпақтарымыз жүрсін деп, осы қуанышымызда шек жоқ.
Хью Хабберс, турист (Жаңа Зеландия):
- Қазақстанға алғаш рет келдім. Шымбұлаққа көтерілген кезде тымса табиғаттың сұлулығына тәнті болдым. Таза ауа мен тау табиғаты жанға ләззат сыйлайды. Жаңа Зеландияға барған кезде достарыма айтып, осында келіп тұруға ұсыныс жасаймын.
«Шымбұлақ» Гинестің рекордтар кітабына енгеннен кейін шетелдік туристер арасында танымал бола түскен. Әлемдегі ең биік әрі түнгі тау шаңғы трассасы теңіз деңгейінен 3200 метр жоғары орналасқан.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев