Атырауда күйшілердің республикалық байқауы басталды
Атырауда Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай күйшілердің республикалық байқауы басталды.
Еліміздің әр өңірінен келген 21 домбырашы бақ сынайды. Айтулы додаға Айтқали Жайымов бастаған өнер майталмандары қазылық етеді. «Байқаудың ерекшелігі – оның ережесінде»,- дейді ұйымдастырушылар. Қатысушылар күй жарысының алғашқы кезеңінде Құрманғазының 5 күйін орындауға міндетті. Оған қоса жеребе бойынша 2 шығарма орындайды. Күй сайысының жеңімпаздары Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған гала-концертте марапатталады.
Бақытбек Сартбаев, д. Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшысы:
- «Конкурстың ауырлығы – оның ережесінде» деп айтып кеттік. Бүгінгі екінші турда конкурсанттар шығармаларын концертмейстердің көмегімен арнайы жазылған пьеса бар, сол және басқа да міндеттелген күйлерді орындап шығады. Конкурстың үшінші кезеңінде конкурсанттар оркестрмен бірге шығармаларды орындайды.