Алматыда алғаш рет ашық аспан астындағы көше-арт галереясы пайда болды
Ұзындығы жарты шақырымға созылған өнер қабырғасы.
Алматыда Орталық Азиядағы ең үлкен граффити қабырға пайда болды. Стрит-арт галереясын Оспанов көшесінен тамашалауға болады. Жобаға 40 астам өнерпаз қатысты. Авторлардың идеясы бойынша қабырғадағы суреттер қазақ әліпбиінің әріптерін бейнелейді. Барлық 42 таңба тұтас сюжеттік композицияға енген.
Сонымен қатар арт-нысанда қаланың көрікті жерлері бейнеленген. Ұйымдастырушылар бұл жобаға «Бірінші қабат» деген ат қойыпты. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы және ең ұзын заңды граффити салуға болатын орын.
Айта кетейік, қабырғаға кез келген суретші сурет сала алады. Дегенмен ол үшін алдымен эскизді арнайы әкімшілікте бекітіп алу керек.
Кристина Бекмырзаева, жоба жетекшісі:
- Әлемдік тәжірибеде үлкен қалаларда стрит-арт суретшілеріне заңды қабырға жасап беру жиі кездеседі. Мұндай қабырғаларды Барселона, Берлин сияқты шаһарларда кездестіруге болады. Дегенмен біздің жоба әлдеқайда ауқымды. Креативті индустрияны қолдауға бағытталған зор қадам деуге болады. Себебі мұндай форматтағы кеңістік бұрын-соңды болмаған. Мысалы, Қастеев мұражайы бар. Түрлі галереялар да бар. Дегемен стрит-арттың инфрақұрылымы енді ғана пайда болды.