Хабар телеарнасы

«Есіңе мені алғайсың...». Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні

Бүгін – біртуар композитор, дирижёр, халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Дәулескер домбырашы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. Көзі тірісінде 500-ден аса музыкалық туынды жазды. Оның көптің көңіл түкпірінен орын алған «Аққу», «Әлқисса» сияқты күйлері мен «Куә бол», «Есіңе мені алғайсың», «Саржайлау» әндері бүгінде халық әніне айналып кетті. Мұнан бөлек, сазгер «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» көркем фильмдері, бірнеше мультфильм мен деректі фильмге музыка жазған. Ал Тілендиевтің өзі құрған мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі жыл сайын сазгердің туған күнінде Жамбыл атындағы филармонияда концерт береді.

Дінзухра Тілендиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Жыл сайын бірінші сәуірде концерт береміз, жыл сайын аншлагпен өтеді. Көрермен әкемнің шығармаларын сүйіп тыңдайды. Биыл оркестрге жақында ғана салынған жаңа әнін ұсындық. «Махаббат таңы» деп аталатын әнді Светлана Айтпаева орындайды.