Хабар телеарнасы

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінімдер қабылдау басталады

Бүгін - халықаралық отбасы күні. Елімізде осы күнге орайластырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінімдер қабылдау басталады. Әр отбасының қалыптасқан құндылығы мен дәстүрі бар. Мысалы, ұлытаулық Елемесовтер әулетінің 10-нан астам мүшесі металлургия саласында жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі бір ғасырдан асқан.

Елемесовтер ерекше күтетін екі мейрам бар. Оның бірі металлургтер мерекесі болса, екіншісі – отбасы күні. Бірлігі жарасқан жанұя бүгін де дәстүрден жаңылмады. Осы шаңырақтан өрбіген ұл-қыз бір дастарқан басында бас қосты. Бар дәмдісін ұсынып бәйек болып жүрген отанасы: «Бұл үш ұрпақтан жалғасқан өнеге»,— дейді.

Гүлбақыт Жантасова, қала тұрғыны:
-Келген адамды дастарқан жайып қарсы аламын. Балаларым да соны жасайды. Бұл шешемнен алған тәрбиеміз. Қазанға етімізді салып, келген адамды қарсы алып, шығарып саламыз.

Берік Елемесов, қала тұрғыны:
-Отбасы жиі бас қосып тұрады. Бір күн келмей қалса, бала-шаға, немерелерді іздеймін. Анау 3 немеремді көрмесем, сағынып, жұмыстан түнгі 1-де келсем де, хабарласып, олардың дауысын естіп барып ұйықтаймын.

Еңбек әулетінің басында тұрған КСРО-ның құрметті металлургі Сұлтан Елемесов Жезқазғанның алғаш қара мысын алған. Ұрпақтары әлі күнге ата жолын жалғап келеді. Бүгінде Елемесовтер әулетінің металлургия саласындағы жалпы еңбек өтілі 1 ғасырдан асады. Осының өзі отбасындағы әкенің рөлін айшықтап тұрғандай.

Берік Елемесов, қала тұрғыны:
-32 жыл болды бір жерде, бір сменде істеп келе жатырмын. 1992 жылы 16 қазанда сменге түстім, содан бері әулетімізбен металлургпіз. Қазір менің ұлым істейді. Сосын әкейдің немерелері бәрі сол жақта металлургиялық цехта істейді.

Отбасы – адам бойындағы ар-ұят, ақыл-ой мен мәдениеті қалыптасатын негізгі мектеп. Елге сыйлы Елемесовтер әулетінде осы мектеп мықтап қалыптасқан. Еңбексүйгіш әкенің тәрбиесін көрген шаңырақта кішкентай металлургтер өсіп келеді. Немеренің алды қазірдің өзінде болашақ мамандығын таңдап қойған.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев