Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі беріледі
Елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі беріледі және еліміздегі үш музей Ұлттық статусқа ие болады. Ақжолтай жаңалықты Мемлекет басшысы Ақордада өткен өнер мен мәдениет майталмандарын марапаттау рәсімінде айтты. Биыл оныншы жыл аталып жатқан Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Президент 20 азаматты арнайы марапаттады.
Қазір қазақ өнерінің көгжиегі кең. Өнердің қай саласын алсақ та көштен қалып жатқан жоқпыз. Бүгін Президент те өнер мен мәдениет саласының мамандарына ерекше алғыс білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді.
Атқарылып жатқан жұмыстың бас аяғы бұл емес. Президент биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толықтай қайта жаңғыртылатынын айтты. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай 2026 жылы аяқталмақ. Оған қоса халқымыздың дарынды перзенті, күміс көмей әнші Күләш Байсейітованың есімін елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне беру туралы шешім қабылданды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды.
Бар болғаны 24 жасында КСРО Халық әртісі атанған Күләш Байсейітованың есімін ұлықтаған бұл шешімді әншінің өнердегі ізбасарлары да қуана қабылдады.
Қапаш Құлышева, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры
-Мен өте қуаныштымын. Күләш апамыздың салған әні әлі құлағымызда. Оны ешқашан халық ұмытпайды. Ұмытпағанының бір дәлелі Президентіміздің қазақтың Ұлттық өнер университетіне Күләш апамыздың атын беріп жатқанына алғысым шексіз.
Мәдениет қызметкерлері ұлттық өнерімізді дәріптеп, халықты рухани қазынамызбен сусындатуда аянып қалып жатқан жоқ. Ал олардың ерен еңбегі елеусіз қалмақ емес. Бүгін Мемлекет басшысы мәдениет майталмандарына «Парасат», «Құрмет» ордендерін «Ерен еңбегі үшін» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын табыстады. Президенттің қолынан марапат алғандардың бірі - 30 жылдан астам Құрманғазы атындағы Ұлттық аспаптар оркестрінде қызмет етіп келе жатқан Жексен Айсын. Дирижер: «Өнер өкілдерінің осындай марапатқа ие болуы оларға шалқар шабыт сыйлап, қосымша жауапкершілік жүктейді», - дейді.
Жексен Айсын, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижёрі:
-Бұл бізге одан әрі жауапкершілікті мойнымызға алуға, жұмысымыздың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл бізге күш-қуат, қажыр-қайрат беретін марапат. Менің атам да, әкем де бәрі музыкант болған. Сондықтан осы сара жолмен жүріп келе жатырмыз.
Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі биік. Соңғы жылдары мәдениет саласынына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп келеді. Тек өткен үш жылда ел аумағында 700-ден астам жаңа мәдениет нысаны жөнделіп, 168 жаңа ғимарат салыныпты. Ал осы салада қызмет етіп жүрген азаматтардың жалақысы 45% көтерілген. Бұл мемлекеттің мәдениет саласына көзқарасы ерекше екенін көрсетсе керек.
Авторлары: Досжан Ысқақ, Әлібек Әлиев