Хабар телеарнасы

Тәжікстан астанасында ақын Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға екі күндік мемлекеттік сапары басталады. Қазақ лидері Тәжікстан президентінің шақыруымен бара жатыр. Сапар аясында екіжақты және кеңейтілген құрамдағы кездесулер және маңызды мәдени іс-шаралар да өтеді. Алды басталып та кетті.

Қазақстан Президентінің сапары қарсаңында Душанбенің халық ең көп жиналатын көрнекті жерінде Абай Құнанбайұлына ескерткіш ашылды.

Қазақтың ұлы ойшылына Тәжікстан астанасынан да орын бұйырды. Тәжік халқының даңқты перзенті Әбілқасым Фирдоуси атындағы мәдени демалыс саябағының төрі енді Абайдікі. Ескерткіш бюстті екі елдің Мәдениет министрлері ашты.

Матлубахон Амонзода Сатториён, Тәжікстанның Мәдениет министрі:

- Абайдың бауырластық және ізгілікпен айшықталған шығармашылығы біздің елдеріміз бен халықтарымыздың арасында дәл осы бауырластық пен ізгілік байланыстарды, нығайтудағы үлесі зор. Оның шығармашылығы әлемнің көптеген тілдеріне, оның ішінде біздің тәжік тіліне де аударылғанын мақтанышпен айта аламын. Бізде Абай мұрасын өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері бірнеше ұрпақ оқып өсті. Енді міне, ескерткіші де бар.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:  

- Қазақстан мен Тәжікстан арасын өзара сенім мен достық қарым-қатынастан бөлек, ежелден ортақ тағдырмен таңбаланған ортақ тарих байланыстырады. Сол себепті екіжақты мәдени байланыстарға біз шын сүйсінеміз. Мәне, тәжік елінің төрінде Абай ескерткішінің ашылуы достық, бауырластық байланыстарымызды бұдан әрі нығайта түсетіні анық.

Әйгілі «Шахнаме» дастанын жазған Әбілқасым Фирдауси парсы-тәжік руханиятының бәйтерегі болса, оны Абай 13 жасында жазған, алғашқы өлеңіне қосқан. Фирдаусидің атындағы орталық саябақтың төрінен Абайға орын бұйыруы заңдылық деп атап өтті тәжік жазушысы Низом Косим.

Еске сала кетсем, бұған дейін Душанбеде Абай атына көше берілген болатын. 

Берік Дүйсенбай, тілші:  

- Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері қазақ кинотуындалырының көрсетілімі, көрме, өнер майталмандарының концерттерімен жалғасады. Ал ресми іс-шараларға келсек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары аясында тәжік лидерімен екіжақты және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді. Екі ел делегациялары арасында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Оның ішінде Одақтастық туралы келісімді атап өтуге болады.

Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев