Хабар телеарнасы

1 қазан – Радио күні

Осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-ші қазанды «Радио күні» деп жариялады. Міне, содан бері бұл күн радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне айналды.

«Бүгінгі күннің символизмі – дәл осы күні 103 жыл бұрын біздің елімізде алғаш рет радиоэфир өтті. Осы жылдарда радио әрдайым сенімді және жедел ақпарат көзі болды», - деді өзінің парақшасында еліміздің Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева.

«Қазақ радиосы» – еліміздегі ең алғашқы мемлекеттік ақпараттық ойын-сауықтық радиостанция. Бүгінде радио Қазақстан аумағының 91%-ін қамтиды. Демек 4000-нан астам елді мекен қазақ радиосын тыңдайды. Тыңдармандардың орташа жасы – 35. Ал радио қосатындардың дені автомобиль жүргізушілері екен.

«Қазақ радиосы» 4 толқында жұмыс істейді. Бұл тәулік бойы қызмет көрсететін – «Қазақ  радиосы», «Шалқар», «Классик» және жастарға бағытталған «Астана» радиосы. Ал «Қазақ радиосының» түп-тамыры ғасырға ұласады.

Алмас Байдрахман, «Қазақ радиосының» бас редакторы:

- Ол да жай емес. Неге десеңіз, Президент тарихи фактіні алға тартып отыр. Ол яғни 1921 жылы 1-ші қазанда Орынбор қаласында хабар таратты. Радиобюллетень тарады. Содан бастап 100-ден астам уақыт болды. «Қазақ радиосында» қазақ руханиятына қызмет еткен қаншама қайраткер еңбек жасады. Оның ішінде Мира Сейітова, Әміре Қашаубаев, Шәкен Айманов, Жүсіпбек Елебеков, атақты Әнуарбек Байжанбаев бар. 

Бір ғасыр бұрынғы алғашқы хабар халықтың сауатын ашу үшін тараса, бүгін де сол жолды жалғастырып келеді. Радио сапалы ақпарат таратып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеді. Радиожүргізуші Ляззат Тиішбекқызының дауысын танымайтын тыңдарман кемде-кем шығар.

Ляззат Тиішбекқызы, радиожүргізуші:

- Микрофон алдында Ляззат Тиішбекқызы. Радионың тікелей эфирінде жұмыс істеу оңай емес. Егер де кәсіби журналист, радиожурналист боламын десеңіз, тіл техникасынан, сахна тілінен хабардар болу керек. Аппаратпен жұмыс істей білу керек. Әр сөзді анық айту керек. Ұстазымыз Сауық Жақанова айтушы еді, әр сөзді қисайтпай сөйле деп. Сол сияқты әр сөзді қисайтпай, нық айту керек.

«Бүгінгі таңда жаңа цифрлық технологиялар мен интернеттің дамуына қарамастан, радио еліміздің ақпараттық саласында ерекше орын алады» деген министр Аида Балаева биыл еліміздің бірнеше өңірінде 120 радиотаратқышты пайдалануға беру жоспарланғанын айтқан. Демек қазақ радиосының дауысы, яғни ғасыр үні әлі біразға жетеді.

Алуа Маханбет, Әйгерім Бегенова, Самат Сүлейманов