Хабар телеарнасы

Елжан Жетпіс халықаралық байқаудың қос жүлдесін жеңіп алды

Мәдениет саласы бойынша тағы бір жаңа есім пайда болды. Ол – Елжан Жетпіс. Қытай, Швейцария және Еуропаның бірнеше мемлекетіне жарысқа барып, жүлделі оралған жас талант. 15 келі баян аспабын асынып, қазақтың тарихи әндеріне жаңа дем беріп жүр. Кейіпкеріміз қазақ музыкасына қандай жаңа бағыт қосқысы келеді? 

Елжан Жетпіс Италияда өткен Дүниежүзілік аккордионистерге арналған халықаралық байқаудың қос жүлдесін жеңіп алған. 75 елден қатысқан өнерпаздар арасында үздік деп танылып, классикалық бағытта екінші орынды, ал эстрадалық жанрдан қола медальды иеленді. 

Елжан Жетпіс, халықаралық байқаудың жүлдегері:

- Эстрадада кейбір шығармаларды мен өңдеуіммен жасап, сол жерде орындап шықтым. Попсовый өлеңді мен жалғыз баянмен джаз элементін қосып, өңдеп, тырысып шықтым. Негізі бұл конкурста оңай қарсылас болған жоқ. Әр мемлекеттен ең мықтылары келді.

Жас баяншының өнердегі әкесі – Самғар Толқынхан. Екеуі де Алматыдағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектеп-интернатында Оңдасын Абдуллаевтан сабақ алыпты.

Самғар Толқынхан, Елжан Жетпістің ұстазы:

- Жалпы Елжан бүгінгі таңда тек қана Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем деңгейіндегі баян орындаушысы. Ол классикадан ғана емес, эстрадалық, джаз бағытындағы Қазақстанның жаңа мектебін құрып келе жатқан орындаушы. Елжанның көп мықты жақтарын білемін. Әсіресе бір тыңдағаннан құлаққа ілінетіні  Елжанның импровизациялық өнері. Ол джаз жанрында өте еркін импровизация жасайды.

Елжан қазір елордадағы Қазақ ұлттық өнер академиясында баян аспабы бойынша магистратурада оқып жүр. Ол бакалавр деңгейінен кейін ғылым жолына түсетін санаулылардың бірі. Жас дарын өнер жолында жаңалық енгізуді мақсат тұтқан.

Елжан Жетпіс, халықаралық байқаудың жүлдегері:

- Біріншіден, осы баянды тек классика ойнауға емес, эстраданы ойнауға, халықтың алдына шығуға сондай бағытты жаңғыртқым келеді. Мысалы, мен Қазақстандағы әйгілі жұлдыздар Қазыбек Құрайыштың концертінде бірге концерт береміз. Ратович деген пианист бар. Солармен бірге концерт береміз. Келешекте өзімнің альбомымды жазғым келеді. 

«Ел арасында кең таралып, кейін ұмыт бола бастаған халық әндеріне қайта дем беріп жүрген Елжан қазақ өнерін дамытуға үлесімді қоссам», - дейді. 

Диана Қадыр, Қали Несипбаев