Алматыда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы сахналанды
Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының шығармашылық ұжымы «Хан Сұлтан. Алтын Орда» атты жаңа ұлттық операны сахналады. Операның музыкасын жазған Хамит Шанғалиев, либреттосын ақын Маралтай Ыбыраев пен драматург Алмас Нүсіп жазған.
Ұлттық операның алғашқы премьерасы ертең 29-шы, 30-шы қараша және 1-желтоқсан күндері болады. Тарихты сахналау таңсық болмағанымен, ұлттық опера деңгейінде көрсету оңай шаруа емес. Айлар бойы тер төктік, - дейді шығармашылық ұжым.
Операның басты кейіпкері Жошы ханның әйелі, Алтын Орданың билеушілерінің бірі Берке ханның анасы – Хан Сұлтан. Көрегендігінің арқасында Алтын Орда тарихында маңызды тұлғаға айналады. Өзін де, ұлдарын да Жошы ұлысындағы басты қайраткерлердің қатарына қосқан әйелдің ақылдылығы, қайсар мінезі суреттеледі.
Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:
- Әйел образын неге таңдап алдық? Мысалыға, ер азаматтар туралы тарихта нақты деректер өте көп. Ал әйел образының жан-жағында тарихи деректер өте аз. Сондықтан біз оны сахнаға шығарған кезде көркемдеп, әсерлеп, әдемілеп шығара аламыз. Әйел бір қолымен бесік тербеп отырып билесе, екінші қолымен әлемді тербейді. Сондай ұрпақ тәрбиелеген аналар ғана әлемді тербей алады. Сондықтан біз ана образын, әйел образын Хан Сұлтан арқылы беруді жөн көрдік.