Баянауыл ауданындағы Торайғыр демалыс аймағында қарақұрттың таралу қаупі қайта туындады. Ұлттық табиғи парк қызметкерлері көл жағасынан улы жәндіктің бірнеше ұясын тапты. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қарақұрттың жаппай көбеюіне байланысты бұл өңірде жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Биыл парк мамандары зиянкес жәндіктерді жоюға ерте бастан кірісті. «Қауіп әлі толық сейілген жоқ», - дейді олар. Себебі әрбір қарақұрт коконында бес жүзге тарта жұмыртқа болады. Ал күннің күрт ысуына байланысты улы өрмекшілердің белсенділігі арта түседі. Сол себепті мамандар тұрғындар мен демалушыларға табиғат аясында барынша сақ болып, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
Аждар Жүсіпов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
-2025 жылы Торайғыр маңындағы аумақта аналық қарақұрттар анықталды. Қазірдің өзінде жас өрмекшілер кокондарын күзетіп жатыр. Бұл олардың көбею кезеңінің басталғанын білдіреді. Қазір улы өрмекшілерге қарсы күрес жүріп жатыр. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта химиялық препараттарды қолдануға қатаң тыйым салынған. Сол себепті мамандар тек биологиялық әдістерге жүгінеді. Яғни өрмекшілерді қолмен аулап, залалсыздандырады.