Биыл өндірісте жұмыс істеп жүріп 584 адам жарақат алды. 77 жұмысшы қаза тапқан. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 17% кем. Дегенмен жазатайым оқиғалар тыйылмай тұр. Негізінен тау-кен, құрылыс және көлік салаларында тіркеледі. Өңірлер арасында Қарағанды, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары мұндай жарақаттар бойынша көш басында. Ал Астанада биік кранның құлауына қатысты қазір тергеу жүріп жатыр. Оқиға салдарынан оның жүргізушісі қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша апатты жағдайға екпінді желдің соғуы әсер еткен. Бірақ мамандар: «Өзге де себеп болуы мүмкін»,– дейді.
Айдар Дастанов, ҚР ТЖМ өндірістік қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы:
-Уәкілетті орган ретінде біз мұндай жағдайларға үнемі талдау жасап отырамыз. Көп ретте инженерлік-техникалық қызметкерлер тарапынан бақылаудың аздығы түрлі оқиғаларға себеп болып жатады. Білімі мен біліктілік деңгейінің төмендігі де әсер етеді. Сондай-ақ өндірістік қауіпсіздік талаптарын орындамау жайттары да кездеседі.