Алматы облысының Қарасай ауданында үлескерлер алаяқтарға алданып қалған. Олар заңсыз құрылыс компаниясына ақша салған. Қаржылық мониторинг агенттігі жедел тергеу жүргізіп, аталған іс бойынша алаяқтық әрекетін дәлелдеді. Іс сотқа жолданды. Ал алданған тұрғындар ақшасын сот арқылы қайтарып аламыз деп үміттенеді.
Зейнеткер Дәулетқали Сағынханов жұбайы екеуі бар жиған-тергенін Қаскелеңде салынуы тиіс «Номе» тұрғын үй кешеніне салады. Құрылыс компаниясы 2021-2023 жылдары 153 адамнан 1 млрд теңгеге жуық ақша жинаған. Алайда құрылыс мерзімінде аяқталмады. Қаржылық мониторинг агенттігі үлескерлердің арыз-шағымы бойынша алаяқтық дерегін анықтап, істі сотқа жолдады. Дәулетқали Сағынханов, үлескер:
-Осылардың кесірінен қызым расстройствамен сегіз операция жасады. Немеремнен, шөберемнен айырылдым. Бұл сұмдық қой. Қайда сыямыз енді?! Қазір кемпіріміз екеуміз үйді 120 мың теңгеге жалдап отырмыз.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде серіктестіктің тұрғын үй салуға ешқандай рұқсат қағазы болмағаны анықталды. Олар соған қарамастан бірнеше тұрғын үй кешенін әлеуметтік желіде жарнамалап, үлескерлерден ақша жинай бастайды. Күдіктілер қамауға алынып, Қарасай аудандық сотының шешімімен екі адам 5 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бір айыпталушы шетелге қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жариялан.
Меруерт Еркінқызы, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:
-Қазіргі таңда үйді әрі қарай салу бойынша сұрақты жергілікті атқару органдары және прокуратура қарастыратын болады. Негізінде тәркіленген ақша азаматтық талап бойынша жәбірленушілерге өтелетін болады.
Қаскелеңдегі он үйдің біреуінің ғана құрылысы аяқталған. Оның өзінің су, газ және кәріз жүйесі жоқ. Сол себепті пәтер иелері инженерлік желіні өз қаржысы есебінен жүргізуге мәжбүр болды. Тағы бір үй 80%, екі үйдің құрылысы 20% аяқталған. Қалған 6 нысан іргетас күйінде қалды. Агенттік қызметкерлері жүргізген тергеу барысында айыпталушылардың иелігіндегі мүлікке тыйым салынып, олардан 270 млн теңге тәркіленді. Ол үлескерлерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады. Мамандар үй аларда үлестік құрылысқа қатысты заңнаманы мұқият қарап, рұқсат құжаты бар құрылыс компанияларына ғана сенім білдіру керектігін ескертеді.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов