Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды

  • 69
  • 25.07.2025, 18:38

Сот Перизат Қайрат пен анасына үкім шығарды. Судья келтірілген деректі негізге ала отырып, оларды он және жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сотталғандар жәбірленушілердің 1,5 млрд теңге шығынын төлеуге міндеттелді. 

Сотта анықталғандай, 2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың қарашасына дейін Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылық шараларын желеу етіп, «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы мұқтаж балаларға оңалту орталығын салуға, Палестина халқына гуманитарлық қолдау көрсетуге және елдегі су тасқынының зардаптарын жоюға деп жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге жинаған.  

Аталмыш іс бойынша сот процесі басталғанына тура 16 күн болды. Кей сарапшылар бұл ең жылдам қаралған істердің бір деп бағалауда. Ал соттың өзі негізінен жабық жағдайда өтті. Бүгінгі отырысқа да БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Журналистер үкімді сот залынан бөлек бөлмеде орнатылған монитор арқылы тыңдады. 

Сабыржан Кәрімов, Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

-Бұған дейін айтылғанындай үкім шыққан соң да Перизат Қайрат пен оның анасы тағылған айыпты мойындаған жоқ. Бұл туралы оның қорғаушысы айтты. 

Асланбек Даулетьяров, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның қорғаушысы:

-Мемлекеттік айыптаушы үш эпизодты бөліп көрсетті. Сотталушылар 2021-2024 жылдары мұқтаж балаларға арналған оңалту орталығын салуға 126 млн теңге, Палестина халқына гуманитарлық қолдау көрсетуге деп 566 млн теңге және Қазақстандағы су тасқынының зардаптарын жоюға 2,8 млрд теңге қаражат жинаған. 

Арман Қызыкен, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі: 

- Аталған қаражат мұқтаж жандарға арналды, алайда Қайрат пен Алашбаева ұрланған ақшалай қаражатты қолданыстағы бизнесті сатып алу және су тасқынынан зардап шеккендерге тауарларды жеткізуге жалған мәмілелер жасау жолымен заңдастырды. 

Айта кетейік былтыр ұсталғаннан кейін тексеріс кезінде Перизаттан 4 қымбат көлік, 1 коттедж, 4 пәтер, сондай-ақ танымал әлемдік брендтердің киімі, зергерлік бұйымдар мен сөмкелер тәркіленген болатын.  

Ал бүгін үкімді оқыған сот осы іс бойынша 50 жәбірленуші бар екенін айтты. Сотталушы Перизат Қайрат пен оның анасы енді осы тұлғаларға 1,5 млрд теңге төлеуге міндеттелді. 
 
Десе де сот отырысынан кейін тілшілерге сұхбат берген Перизат Қайраттың қорғаушысы бүгінгі шешіммен келіспейтінін және апелляцияға беретінін мәлімдеді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхамедәлі Тілдебаев