Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 5 күдікті ұсталды. Өңірдің полиция департаментінің хабарлауынша, Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны халықаралық интернет-алаяқтық желісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Ол қылмыстық жолмен алынған қаржыны аудару және қолма-қол алу үшін банк шоттары мен төлем карталарын пайдаланатын адамдардың жұмысын үйлестіріп отырған. Әзірге күдіктілердің еліміздің бірнеше өңірінде жасалған сегіз интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Жалпы шығын көлемі - 38,5 млн теңге. Полиция олардың өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.