Биыл бес айда қылмыскерлердің қолында жүрген 1 мың 200-ден астам қару тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Құжатсыз қарулардың ішінде 18 автомат, 2 граната-атқыш, 320-дан астам тапанша, 100-ден аса ойық ұңғылы қару және 700 тегіс ұңғылы мылтық бар. Олардың арасында қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару дүкендерінен ұрланған қарулар да болған. «Сонымен қатар 20 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жүргізіліп жатыр», - дейді, құзырлы орган өкілдері. Бүгінге дейін азаматтар шамамен 750 түрлі қару мен 4 мыңға жуық оқ-дәріні ерікті түрде тапсырған.
Қанат Нұрмағамбетов, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы:
- Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады. Азаматтарды сақтауға заңды негізі жоқ қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуға шақырамыз.