Семейде ХҚКО-ның 18 қызметкері ұсталды

  • 8
  • 29.06.2026, 19:50

Семейде халыққа арнайы қызмет көрсету орталығының 18 қызметкері ұсталды. Күдіктілер жүргізуші куәлігін заңсыз берген.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, олар құжат сатып алғысы келетіндерді әдейі іздеген. Теориялық емтихан кезінде үміткерлерге арнайы камера мен өзге де техникалық құрал беріп, дұрыс жауапты белгілеп отырған. Ал тәжірибе түріндегі емтиханды ешқайсысы тапсырмаған. Заңсыз қызмет үшін 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін алған. Іс бойынша негізгі күдікті қамауға алынды. Қалған күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Барлығына «пара алу» бабы бойынша айып тағылды. 

Ізбасар Масақбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары:

- Бүгінгі күні жүргізуші куәлігін заңсыз алған 30 адамнан жауап алынды. Заңсыз берілген жүргізуші куәліктерінің күшін жою мәселесі заңда белгіленген тәртіппен шешілетін болады. Қылмыстық іс бойынша сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін облыс прокуратурасы қадағалау тәртібімен аталған жүргізуші куәліктерінің күшін жою туралы талап-арыз енгізеді.