Алматы облысында экс-депутат ₸2,6 млрд жымқырды деген күдікке ілінді

  • 45
  • 03.07.2026, 19:35

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырғаны анықталды. Ол мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетік біле отырып, қаражатты заңсыз алу схемасын құрған. Уәкілетті органдарға таңқурай алқабын отырғызуға арналған элиталық көшеттерді сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынған. Нәтижесінде 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

Күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған. Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмаройындарға жұмсаған. Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.