Щучинскідегі дәмханада болған жарылысқа қатысты іс бойынша үш адамға сот үкімі шықты. Дәмхана иесі мен газ құю станциясының директоры 7 жылға, ал газ тасымалдаушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, адам өліміне себепкер болды деген айып тағылды.
Сотта 16 жәбірленушінің моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Қылмыстық істі қарау барысында сот облыс әкіміне қатысты жеке қаулы шығарды. Онда қоғамдық тамақтану нысандарындағы өрт қауіпсіздігін күшейтіп, анықталған кемшіліктерді жою керектігі айтылған.
Еске салайық, дәмханадағы жарылыс биыл 26 ақпанда болды. Бесқабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған нысанда газ ауа қоспасы жарылып, артынша өртке ұласты. Салдарынан 28 адам зардап шегіп, 12 жан көз жұмды.