Хабар телеарнасы

Түркістан облысындағы су тасқыны салдарынан 30 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан 5 ауылдағы 631 үйді қызыл су басқан болатын. Мақтаарал ауданында 3 600 гектар егістік алқабына зақым келді. Оның 85% – енді ғана егілген мақта. Су тасқыны басталғалы бері 30 581 адам 14 елді мекенге көшірілді. Қазір апатты тергеу мен зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Төтенше жағдай салдарынан бүгінгі таңда алдын ала есептеулер бойынша жалпы 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, бір мәдениет үйін, сондай-ақ 10 дүкенді су басты. Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық маңызы бар 54,7 шақырым автожолды су басты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Арнайы үкіметтік комиссия құрамында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бар. Комиссия Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша жұмыс жүргізеді. Одан кейін инженерлік-көлік әлеуметтік инфрақұрылым мен үйлер қалпына келтіріледі. Зардап шеккен тұрғындарға Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетін болады.

Түркістан облысындағы су басқан аймақ тұрғындарын мемлекет барынша қолдайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларға материалдық көмек берілетінін жеткізді. Ол өзінің Twitter парақшасында Үкіметке су басқан ауылдарымыздың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету тапсырылғанын және Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын жазды.

 

Мақтаарал ауданында тасқын су деңгейі төмендей бастады

Бұл туралы онлайн брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. Бұған дейін өңірде 5 елді мекенді су басып, тағы бесеуіне қауіп төніп тұрған болатын.

Бүгінге дейін сарқынды су Мақтаарал ауданында 6 218 тұрғыны бар бес ауылды басқан болатын. Олар: Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдары. Мамандар қазіргі таңда бұл ауылдарда су деңгейі төмендей бастағанын айтады. Бүгінгі дерек бойынша, Жеңіс елді мекенінде су деңгейі 2, Жаңатұрмыс ауылында 3, Өргебас ауылының кіре берісінде 6 см-ге дейін азайған. Қызылсуды ағызу үшін Жетісай ауданы, Қоғалы елді мекенінің маңынан «Орталық бетпақдала коллекторы» арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылған.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

- Су ақырын түсіп жатыр. Қазір Тараз, Қызылордадан 200 төтенше жағдай маманы келе жатыр. Оларда мықты мотопомпасы бар 100 текше метр суды соратын. Алматыдағы Ұлттық ұланның 200-дей адамы келе жатыр, олар құрылыс жұмыстарына атсалысады. Одан бөлек Қорғаныс министрлігінің 100 сарбазы көмекке келе жатыр.

 

Су тасқынынан келген шығын өтеледі

Сондай-ақ қауіп сейілгендіктен, Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындарын үйлеріне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты аудандағы эвакуациялық пункттер саны 24-тен 19-ға қысқарды. Қазір қалған 19 қабылдау бекетінде 3 200 адам жатыр. Оларға барлық жағдай жасалған. Тағы бір жағымды жаңалық, тасқыннан жапа шеккен тұрғындардың бәріне Үкімет тарапынан нақты өтемақы төленеді. Қазір комиссия шығын көлемін есептеп жатыр. Атап айтқанда, ауылдар қалпына келтіріліп, инженерлік желілер жөнделеді және зардап шеккен халыққа әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда әлеуметтік желіде атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығарып, арандатушылық әрекетке барып жатқандар да бар. Бүгін облыс әкімі сол мәселеге қатысты пікірін білдіріп, нақты нүктесін қойды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Неге жатсыңдар, неге тұрмайсыңдар? Неге талап етпейсіңдер? Неге анау емес, неге мынау емес? Осындай сөздерді естіп жатырмыз. Олай істеуге болмайды ғой, қазіргі карантин уақытында бұл – өте қауіпті нәрсе. Бұл үшін жауапқа тартуға болады. Мен БАҚ арқылы ескертемін. Біз қазір шыдап отырмыз, ештеңе деп жатқан жоқпыз. Бұл жерде арандатушылық сипат бар. Шара қолдануымыз мүмкін, егер бұл жалғаса беретін болса. Шынайы ақпаратқа сүйену керек, барлық шығын өтеледі, жағдай жасалады.

Айта кетейік, аудандағы 5 ауылды су басып, 845 үйге зақым келді. Сондай-ақ 7 639 гектар егіндік қызыл судың астында қалды. Бұл алқаптың басым бөлігіне мақта егілілген. Мамандар қанша малдың қырылғанын анықтауда. Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақтан көмек келуде. Мәселен, қоғамдық қордан келген 20 тонна жүк түгелімен Атакент кентінде орналасқан арнайы қоймаға түсірілді. Қордың Мақтаарал ауданына бағыттаған көмегі мұнымен шектеліп қалған жоқ. Сонымен қатар қор атынан «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 200 млн теңге аударды.

Қайрат Құдайберген, қор басшысы:

- Енді оның ішінде көптеген зат бар. Азық-түлік те, макарон, сүт те, қаймақ, картоп, сәбіз де бар. Осындай қиындықта еліміз бір болуымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» деген ғой. Сол себепті тез-тез басымыз қосылып, көмекке келіп отырмыз.

Түркістан облыстық мәслихатының және барлық аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында 18 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек жөнелтті. Айта кетейік, жалпы сомасы 21 млн теңге болатын керуенінде азық-түлік тауарларынан бөлек, киім-кешек, жеке бас гигиенасына арналған тауарлар да жеткілікті. «Көп түкірсе көл» демекші, оңтүстіктегі ағайын бұл қиындықты да ел болып еңсеретінімізге сенімді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш