Қаңғыбас иттер 6 жастағы қызды талап өлтірді
Саяжай массивінде 6 жастағы қыз баланы қаңғыбас иттер талап өлтірді. Баланың неге қараусыз қалғаны белгісіз. Қазір мәселенің мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
Қаңғыбас иттердің азуында жантәсілім болған 6 жастағы қыздың мәйітін көргенде көпті көрген жедел-жәрдем қызметкерлері де абдырап қалыпты. Олар тек бүлдіршіннің бақилық болғанын бекіткен. Бейкүнә балақай қасқырдай қаңғыбас иттердің құрсауында қалай қалып қойғаны белгісіз.
Бақытжан Құдияров, облыстық ПД Баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы:
– Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. ПД-і тарапынан ветеринариялық қызметке ұйғарым жіберілді.
Бұл отбасында 3 бала бар көрінеді. Саяжайдағы үйді мекен еткен. Сол күні ол өгей әжесімен үйде қалады. Ал анасы мен өгей әкесінің қайда болғаны әзірге белгісіз.
Айгүл Төтеева, Сәтпаев қаласы әкімінің Баспасөз хатшысы
– 1993 жылғы келіншек тұрмысы төмен отбасы ретінде қорғаншылық органдарында тіркеуде тұрған. Қазір қалған екі баласы уақытша әлеуметтік оңалту орталығына жайғастырылды. Баланы жерлеу рәсіміне жергілікті әкімдік көмектеседі.
Кешеден бері төтенше жағдай болған жерден 7 ит атылған. Негізінен ит ататындар тұрғындар тарапынан шағым түскен жерге барып, тұзақ құрады. Саяжай маңынан шағым түспеген. Оның үстіне бұл қаладан қашық болғандықтан балансқа кірмеген.
Ғалым Оспанов, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары
– Сәтпаев қаласы бойынша 6 миллион теңге бөлінген. 2250 ит пен мысық ауланған. Әрине, енді територияда болған соң бүгінгі жайтқа байланысты тағы да қаңғыбас иттерді аулау үшін жұмыстар жалғасуда.
Ал Жануарлар құқығын қорғаушылар: «Мұндай сорақы жағдай қайталанбас үшін, қазір қаралып жатқан заң жобасы бүге-шүгесіне дейін зерттелуі керек», – дейді. Сонан соң әр үй жануары өз қожайынына тіркелуі тиіс деген пікірде.
Инна Радченко, «Дари добро» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Бүлдіршінге тап берген ит жазды күні саяжайда қожайындарына қалтықсыз қызмет еткендер. Ал иелері болса, маусым аяқталған соң оларды тастап кете береді. Міне, сондықтан аш қалған қаңғыбас иттердің саны артып келеді. Бұлай болмас үшін үй жануарын өз қожайындарына міндетті түрде тіркеу керек. Сонда заңдық жауапкершілік бар екенін сезінетін боласың.
Жалпы облыс бойынша биыл қараусыз қалған ит-мысықтарды жоюға 69 миллин теңге бөлініпті. 18 мыңға жуық қағыбас жануардың көзі жойылған. Жоспар бойынша бұл сан 1 500-ден аспайды деп жоспарланған. Бұл қаңғыбас бұралқылардың қаншалықты көбейіп кеткенін көрсетеді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев