Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 14 мыңнан асты
Жарақат алғандар - 63 мың. 6 мың ғимарат қирады. Сирияда да құрбандар саны артып барады. Соңғы мәлімет бойынша 3 мыңнан астам адам опат болған. Іздеу-құтқару жұмыстары төртінші күнге жалғасты. Қирандылар арасынан аман қалғандар шығарылып жатыр.
Газиантеп. Түркияның ең көне және ең ірі шаһарының бірі. Жер сілкінісінің ошағы – осы қаладан 30 шақырым жерде, 18 шақырым тереңдікте болған. Апаттан 3 тәуліктен аса уақыт өтсе де, үйінді арасынан тірі қалған адамдар табылып жатыр. Фатма Демир қираған үйдің астында 62 сағат бойы жатқан.
Фатма Демир, жергілікті тұрғын:
- Үстіме бетон тақта құлады. Еденге құладым. Хұсра менің жанымда жатқан. Оған қарай бірнеше қолымды создым, бірақ қолым жетпеді. Дауысын да естіген жоқпын.
Зілзаладан қатты зардап шеккен тағы бір аймақ – Хатай провинциясы. Апаттан кейінгі көріністер. Іздеу-құтқару жұмыстары тоқтаған жоқ. Күннің суық болуы жағдайды қиындатып отыр. Алайда жақындарын іздеген тұрғындарға түннің ызғары да кедергі емес.
Илкер, жергілікті тұрғын:
- Бізге техника керек. Бульдозер керек. Ғимарат қатты зардап шеккен. Ал оның астында балалар бар. Екі жиенім сонда. Аман ба, жоқ па, білмеймін. Үміт бар. Бірақ құтқарушылар: «олардың дауысы естілу керек», – дейді. Келіңіздер, естіңіздер!
Көрер жарығы бар екен. 8 айлық Хеленді құтқарушылар қирандылар арасынан 68 сағаттан кейін аман алып шықты. Ал бұл Месут Хансер. Қызының қолын ұстап отыр. Жіберер емес. Өкіншітісі, 15 жасар Ирмакты құтқару мүмкін болмаған. Мамандар қаза тапқандардың көптігіне адамдардың ұйқыда жатқандығы себеп болғанын айтады.
Бұл Хатай провинциясы мен Сирияның Алеппо провинциясын жалғастыратын жол.
Түркияға көршілес елде ахуал өте күрделі. Қақтығыстан көз ашпған елде құтқару жұмыстарын жүргізу қиынға соғып отыр. Электр жарығы жоқ. Техника тапшы. Идлиб провинциясының өзінде қаза тапқандар саны 1 жарым мыңнан асты. Құтқарушылар зілзала болған аудандардың бәріне бірдей жете алмай жатыр. Сүйінші хабар жоқ емес. 3 тәулік өтсе де, үйінді астынан дін аман шығып жатқан адамдар бар.