Абай облысында төтенше жағдай жарияланды
Бородулиха ауданында қазір өрт сөндірушілер шоққа су себу, құм төгу жұмысын жүргізуде. Ал осыдан 2 күн бұрын эвакуацияланған Березовка ауылы тұрғындары біртіндеп үйлеріне орала бастады. Себебі мамандар алапат өрттің беті қайтқанын мәлімдеді. 3 күн бұрын басталған өртті неге ауыздықтау мүмкін болмай жатыр?
Азамат Қасым, тілші:
- Кеше ғана жайқалып тұрған қарағайлы орманның қазіргі кейпі осындай. Өрт сөндірушілер мен әскерилер қазір су шашу, топырақ себу жұмысын жүргізуде. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін. Өйткені өрт кез келген мезетте тұтанып кетуі мүмкін.
Жанат Бақытхан, өрт сөндіруші:
- Өрттің қайта өршіп кетпеуін қадағалап жатырмыз. Әлі де жұмыс көп. Кешке дейін осында боламыз. Тағы да өрт шықса күзетеміз.
Дегенмен құтқарушылар да, жедел штаб өкілдері де арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін айтады.
Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары, төтенше жағдайды жою штабының жетекшісі:
- Бұл жұмыстың қашанға дейін созылатыны әлі белгісіз. Жел әлі басылған жоқ. Кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қазір екі тікұшақ әуеден бақылау жүргізуде.
Өрт екпіні басылған соң жергілікті халықтың да көңілі орнына келгендей. Осыдан екі күн бұрын көшірілген Березовка санаторийі ауылының тұрғындары үйіне орала бастады.
Борис Сковрцов, ауыл тұрғыны:
- Бір сағат бұрын үйге келдім. Әзірге тыныш секілді. Бірақ жел басылмай тұр. Әрі қарай қалай боларын білмейміз.
Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, қазір елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Дегенмен сақтық шаралары мақсатында 277 адам өздігінен туыстарына эвакуацияланды. Бородулиха ауылында 331 орынға шұғыл эвакуация жағдайына 3 пункт дайындалды.
Азамат Қасым, тілші:
- Қазір оқиға орнында 852 адам, 201 техника, 1 өрт сөндіру пойызы мен 8 тікұшақ жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша 3,5 мың гектар алқап отқа оранған. Айта кетейік, Абай облысының Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы