Елорда аспанын қою түтін басты
Көшеге шықпаңыздар! Дәрігерлер астаналықтарға осындай кеңес беруде. Бәріне себеп – қала сыртында құрғақ шөп өртеніп, елорданы қалың сары түтін тұмшалап қалды. Соңғы дерекке сәйкес, қызыл жалын 15 га аумақты шарпыған. Өрттің шыққандығы туралы алғашқы хабар таңғы 9-дан өте түсіпті. Бірақ маңай батпақты әрі қамысты болғандықтан оған жету оңай болмаған. Ал түс ауа жел екпіні күшейіп, ахуал тіпті қиындады. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов барып, өрт сөндіру штабы құрылыпты. Жалынды сөндіруге 150 астам адам мен 40-қа тарта техника және екі тікұшақ тартылған. Тұрғын үйлер мен орман алқаптарына қауіп жоқ.
Дегенмен мамандар сыртқа қажетсіз шықпауға, шыға қалған жағдайда бетперде тағуға кеңес береді. Түтіннің бөлмеге енуіне жол бермеу үшін терезелер мен есіктерді жабық ұстаған жөн.
Эльдор Райымбеков, ТЖД басқарма басшысы:
- Біріншіден, үлкен көліктердің кіру қиыншылығы. Сол себепті мамандар қолдағы құрал-жабдықтармен сөндіруге кірісті. Өртті ауыздықтау үшін секторларға бөлініп, жауапты қызметкерлер бекітілді. Жел болғандықтан өртті ауыздықтау қиынға соғып отыр.