Хабар телеарнасы

Павлодар облысында сиырлар химикаттардан уланған

Павлодар облысы Железин ауданында 37 сиырдың неден қырылғаны белгілі болды. Патологиялық сынамаларды зерттеу қорытындысы бойынша, мал ішкен су құрамында пестицидтердің қалдықтары анықталыпты. Бұл химикат зиянкес жәндіктерге қарсы қолданылады. Мамандардың айтуынша, ірі қара жайылып жүрген аумақта, картоп алқаптары орналасқан. Десе де, улы заттың сиыр ішкен суға қалай түскені белгісіз. Мәселенің мән-жайын арнайы комиссия анықтап жатыр. Патологиялық материалдардың құрамында, аса қауіпті инфекциялар табылмаған. Малдың қырылуынан шаруаға, шамамен 22 млн теңге шығын келген.

Асылтас Тілеубаев, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
- Малды суаратын науадан, сонымен қатар, құдықтан, судан сынама алынған болатын. Содан келесі препараттар анықталды. Ол «Дихлорфос», «Диметоат», «Паратионметил», «Хлорпирифос» осы төрт препараттың жоғары деңгейі анықталды.