Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды
Соңғы ақпарат бойынша Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, қауіп күшейді. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені арнасынан асуына байланысты Атырау аймағындағы Жылыой ауданы мен Құлсары қаласын су басқан болатын. 28 мың 551 адам қауіпсіз аумаққа көшірілген. Премьер-министр Олжас Бектенов Құлсары тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап, Жайық және Жем өзендерін нығайту жұмыстарымен танысты. Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді. Тасқынға тосқауыл қою үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды. Жем өзеніндегі жасанды бөгеттер бұзылды. Бұл өзен арнасының бағытын өзгертіп, суды Каспий теңізіне қарай өткізуге мүмкіндік береді.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
-Келген зардаптардың бәрі өтелетін болады және біздің әрқашан бақылауымызда тұрады. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы тапсырма берген. Әрине, өкінішке қарай ауданымызды су алып отыр. Қауіп әлі бар. Сондықтан әрі қарай жұмыстанатын боламыз.
Санат Аязбаев, Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы:
-Мердігер ұйыммен техникалар жұмылдырылып, әкім аппаратымен қазір 7 мың қапшық қапты алып, тұрғындармен, еріктілермен белгілі орындарға қойылғанын хабарлаймыз. Қосымша қапшықтар келіп жатыр. Бөгетті толықтай аяқтағанша жұмыс жасаймыз.