Көкшетауда сарбаздар жаппай инфекция жұқтырды
Көкшетауда сырқаттанған сарбаздардың менингококк инфекциясын жұқтырғаны ресми түрде расталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Ал кей сарбаздан энтеровирус анықталды. Қазір инфекция жұқтыған 47 науқас қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Індет ошағына айналған әскери бөлім оқшауланып, шектеу шаралары еңгізілген.
Нұрсұлтан Алдабергеннің әскер қатарына қосылғанына екі-ақ ай болған. Ол Алматы облысының тумасы. Алғашқы кезде аймақтың ауа райына үйренісе алмағанын айтады. Жас сарбаз әскери бөлімше аумағынан ұзап көрмеген. Десе де, инфекциялық ауру жұқтырғаны анықталды.
Нұрсұлтан Алдаберген, сарбаз:
- Ауырғанды сезгеннен кейін әскери частьтағы медициналық пункке бардым. Ауру белгілелерін айттым. «Басым ауырып, температура бар»,- дедім. Олар тексерді. Одан кейін осы жаққа қарай жіберді.
Жалпы жауынгерлердің алғашқысы ауруханаға 23 тамызда түскен. Міне, содан бері инфекциялық аурухананың қабылдау бөлімі сарбаздан бір босаған емес. Қазір науқастардың жағдайы тұрақты. Оларға тиісті ем-дом шаралары көрсетілуде.
Сәкен Қалымжанов, аурухананың бас дәрігері:
- Ауруханаға жеткізілген сарбаздардың бірінің жағдай өте ауыр болды. Ол бірден реанимацияға жатқызылып, ем-дом шаралары жүргізілді. Қазір жағдайы тұрақты. Палатаға ауыстырдық. Барлық науқастардың ауру белгілері бір. Ал аптаның басында жатқызылған науқастар бірер күнде емделіп шығады.
Әскери бөлімшедегілер осыған дейін де сарбаздарға суық тиіп ауырғанын жасырмайды. Ал жаппай дертке шалдығу дерегі алғаш рет тіркелген. Қазіргі уақытта індет ошағына айналған бөлімше толық оқшауланды. Науқастармен байланыста болған сарбаздар мен әскери қызметшілер тексеріліп жатыр.
Рашид Әбілмәжінов, ҚР ҰҰ «Орталық» өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының бастығы:
- Қазір сарбаздардың неден сырқаттанғанын анықтау мақсатында қызметтік тергеу жұмыстары басталды. Сарбаздар ол дертті қайдан жұқтырғаны тексерілуде. Қазіргі уақытта әскери бөлімшеге толығымен дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде қазіргі уақытта 400 астам сарбаз әскери борышын өтеп жатыр. Қазір бұл бөлімшеге бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Яғни сарбаздар қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті қадағалауға мүлдем шықпайды. Сондай-ақ бөлімше ішінде де топтасып жиналуға мүлдем тыйым салынған. Ал енгізілен карантин шаралары 10 күнге жалғасады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка