Ақтөбеде тұрғын үй сатысы опырылып түсті
Ақтөбеде тұрғын үйдің сатысы опырылып, оқыс оқиға салдарынан әйел адам жарақат алды. 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған ғимараттың әбден тозығы жеткен. Алайда сараптама қорытындысы бойынша екіқабатты үй апатты деп танылмаған.
«Екінші қабатта тұратын Екатерина Новикова дүкенге шыққан бетім осы еді»,- дейді. Баспалдақты басқан бетте саты опырылып, оңбай құлаған. Бірнеше сүйегіне зақым келгеніне қарамастан, «балаларым үйде жалғыз отыр», - деп ауруханадан үйіне оралыпты.
Екатерина Новикова, қала тұрғыны:
- Жан даусымды естіген көршілерім үйлерінен атып шығып, жедел жәрдем шақырдық. 55 минуттай күттік. Қозғала алмай сол жерде жаттым. Салдарынан миым шайқалып, мойын омыртқаларыма, жамбасыма зақым келген. Көгерген жерлерімді айтпағанда.
Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын іргетасы қаланған ғимараттың шатыры тесіліп, электр желілері тозып тұр. «Тұрғындар соңғы уақытта сатыға тек бір-бірлеп шығып жүрдік», - дейді. Ойылған тұстарын өздері жамаған сымақ болған. Баспананың жағдайын айтып тұрғындардың бармаған жері жоқ. Терможаңғыртуға да өтініш білдіріпті.
Светлана Қапанқызы, қала тұрғыны:
- Жылдың басында бастауы керек еді. Соны ешкім келген де жоқ, істеген де жоқ. Даже ойлаған да жоқ. Үйдің ішінде істемей-ақ қойғанмен хотя бы подъезді көмектесуі керек қой.
Екіқабатты үйде негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылары тұрады. Тозығы жеткен ғимаратты жөндеуге олар қауқарсыз. Былтыр жүргізілген сараптама нәтижесінде іргетасы мен негізгі тірек қабырғалары апатты емес деген қорытынды жасалған. Сондықтан тұрғындарға басқа пәтер берілмейді.
Жақсат Төлегенов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:
- Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес бұл тұрғындардың ортақ меншік иесі болып табылады. Бұлар өздері күтіп ұстауға міндетті. Ендігі таңда бұлар тұрғын үй инспекциясына құжаттарын тапсырған. Өздері айтқандай модернизацияға. Қазір тұрғын үй инспекциясымен бұл құжаттар қаралу үстінде.
Опырылып түскен сатыны қайта жөндеп беруге демеушілер келісті. 1-2 күн ішінде темірден орнатады. Оған дейін екінші қабат тұрғындарына кесе-көлденең тасталған тақтаймен жүре тұрғаннан басқа амал жоқ.
Айта кету керек, Ақтөбенің тек Астана ауданының өзінде қазір апатты деп танылған 14 үй бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков