Петропавлда 80 жуық көпқабатты тұрғын үй газсыз қалды
Петропавлда үскірік аязда 80 жуық көпқабатты тұрғын үй газсыз қалды. Күннің суығында көгілдір отын бірден қатып, ел әуре-сарсаңға түсті. Қазір қарша бораған қоңыраудан жөндеу бригадаларына дамыл жоқ. Олардың айтуынша, бәріне себеп – жазғы газ. Ал қысқысы қайда кетті?
Галина Папст дүйсенбіден бері газсыз отыр. Зейнеткер тамақты осылай электр құрылғысына дайындайды. «Оның өзі «піс қазаным бес ай», - дейді ол.
Галина Папст, қала тұрғыны:
- Газды сәрсенбі 3 сағатқа беріп, қайтадан сөндіріп тастады. Бұл үйде 19 жыл тұрамын. Сұйық отынның болмауы бірінше рет.
Петропавлда өткен аптаның ортасында басталған аяздан 80 жуық үйдің газы қатып қалған. Қазір жөндеу бригадасы көбін қайта қосты. Бірақ...
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл жағдай қыс бойы қайталануы мүмкін. Өйткені қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер қысқы емес, жазғы газға қосылып отыр.
Қаланы газбен қамтитын компания басшылығының айтуынша, қыстыгүні сұйық отынның «техникалық пропан» түрі жағылуы тиіс. Бірақ іс жүзінде жазғысы құйылады.
Рита Сумликина, газбен қамту кәсіпорны директорының міндетін атқарушы:
- Табиғи монополияларды реттеу департаменті техникалық пропанның бағасын жазғы газдың бағасымен бекітті. Сондықтан қысқысын сатып ала алмадық. Енді қатып жатыр.
Жауаптылардың айтуынша, жаздың басында газбен қамту ұйымынан тарифті 25% өсіру жөнінде өтінім келіп түскен. Бірақ комиссиялық талдау кезінде олардың есебі дәлелденбеді. Керісінше бұған дейін төлемге қосқан шығындары расталмай қалған.
Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің сқо бойынша департамент басшысы:
- Бұл субъект тарифтің құрамындағы амортизациялық аударымды негізсіз басқа бағытқа жұмсаған екен. Сол талдау барысында біз оны анықтап, тарифтің құрамына енгізіп, негізгі себеп болып отырған осы. 91 млн. теңге негізсіз жаратылып отыр.
Қазір қала бойынша 10 көпқабатты үй, яғни мыңға жуық пәтер газсыз отыр. Мамандар оларды кезек – кезекпен қосады. Демалыс күндері күн де жылынады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков