Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы 12 ауылмен жол қатынасы үзілген
Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы 12 ауылмен жол қатынасы үзілген. Онда тек тікұшақпен ғана бара аласыз. Соңғы үш-төрт күн су ортасында қалған ауылдарға азық-түлік, тұрмыстық заттар әуемен жеткізіліп жатыр.
Аманкелді ауданындағы орталық стадион соңғы үш-төрт күнде ұшақ алаңына айналды десек артық айтқандық емес. Су қоршауында қалған ауылдарға азық-түлік тек осы жерден жеткізіледі. Қауіпті аймақтарға бізде сапар шектік.
Су құрсауында қалған ауылдарға тікұшақпен кезекті көмек апара жатыр. Бұл жолы Алакөл, Қабырға және Жаңатас ауылдарына ұн мынандай азық-түліктер, басқа да қажеттіліктері жетікізіледі. Ал кейін қатарда ол қауіпті аймақтардан он алты адам эвакуациялау көзделген.
Табиғи апаттың ауқымдылығы жоғарыдан жақсы көрінеді. Көк майсалы жазық жер құдды бір телегей теңізге айналғандай. Алдымен Қабырға ауылына аялдадық. Бұл жерде малдарын қарайлап он шақты ер адам қалған. Азық-түлікті тез жерге түсіріп, тікұшақ бірден әуеге көтерілді. Ақкісі ауылы. Қираған үй, қора-қопсы, қырылған мал табиғи апаттың залалын айқындап тұр. Одан кейін гуманитарлық көмек тасыған әуе көлігі тағы бір елді мекенге келіп қонды.
Тасқын су қоршауында қалған елді мекендердің бірі мынау менің ту сыртымдағы Жаңатай ауылы. Мұнда он шақты үй бар. Өздеріңіз көріп отырғандай айналасы телегей теңіз. Қазір осы ауылдан он адам эвакуацияланады. Негізінен әйелдер мен балалар.
Көпбалалы ана Назгүл Әлиева осы үш-төрт күн иесіз аралда қалғандай күй кешкендерін айтады.
Назгүл Әлиева, Жаңатай ауылының тұрғыны:
-Жол қатынасы жоқ. Жарық жоқ, балаларға өте қиын. Ауданға бара жатырмыз. Қалуға қауіпті балаларға. Жан-жағы теңіз.
Қазір Аманкелді ауданында су деңгейі бәсеңдегені байқалады. Енді өңірдің орталық, солтүстік бөлігінде қауіп төнуі ықтимал.
Владислав Ковалёв, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің маманы:
-Қазіргі кезде Қарасу, Әулиекөл, Науырзым, Қамысты, Сарыкөл, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарында су тасу қаупі бар. Сондай-ақ Ресейден мол су келуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша көрші елден келетін мол су бірінші кезекте Жітіқара ауданына күрделі жағдай тудыруы әбден ықтимал.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенбег