Жамбыл облысының тұрғыны 5 адамды ажалдан арашалап қалды
Мойынқұм ауданында орманшы 5 адамды ажалдан арашалап қалды. Оқиға аудандық маңызы бар тасжолда болған. Екі автокөлік соқтығысып, артынша өртке оранған. Оларды жол бойында келе жатқан Мәди Әли есімді аудан тұрғыны байқап, бірден тоқтаған.
45 жастағы орманшы жеңіл көлікке шұғыл жетіп, жарақат алғандарды жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта шығарып алыпты. Артынша жарылыс болып, көлік күлге айналған. Құтқарылғандар арасында дүниеге келгеніне 15 күн болған шақалақ пен 1,5 жастағы сәби бар. Өкінішке қарай олардың анасы қаза тапты.
Мәди Әли, Мойынқұм ауылының тұрғыны:
- Адамдар шырылдап жатқан кезде енді ащы дауыс қой анау деген «Құтқар!» «Шығар!» деген. Мен тұра алмадым. Шығару керек болды ойымның бәрі. Сыртындағы кісілер айқайлап жатты. Жарылады, қаш, - деп. Тастай алмадым. Алып шықтым, алып шыққан бетте атылды ғой.