Жолдау: атқарылатын жұмыс бағыттары айқындалды

  • 24
  • 09.09.2025, 19:32

Үкімет Президент Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру бағыттарын жариялады. Жасанды интеллект пен цифрлық дамуға баса мән беріледі. Сондай-ақ ел экономикасын өркендету үшін кәсіпкерлікті қолдау, сөрелердегі отандық өнім үлесін арттыру, банктер белсенділігін көтеруден бастап білім мен туризм саласына дейін көп жұмыс атқару көзделіп отыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Үкімет Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жедел атқармақ. Бүгінгі отырыста 11 министр мен бір вице-министр негізгі бағыттар бойынша баяндама жасап, атқарылатын жұмыстарды тізіп берді. Барлығы да Жолдау аясындағы істерді өз бақылауында ұстамақ.

Цифрландыру ісі басты назарда болады. Бұл ретте Президент ауқымды міндет қойғаны анық. Премьер-министрдің айтуынша, жаппай цифрландыру әртараптандырумен қатар бүкіл отандық экономиканы кешенді түрде жаңғыртуға және елімізді әлемдік аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытуға ықпал етеді. Сондықтан Үкімет бұл тапсырманы орындауға бар күш-жігерін салады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Сондықтан Президент үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу мемлекеттік басқарудың заманауи технологиялық жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Жолдау аясында бес бағыт бойынша жұмыс жүреді. Оның арасында инвестиция тарту, экономика мен кәсіпкерлікті дамыту, сырттан келетін тауарды азайтып, өзіміздің өнімді молайту секілді маңызды істер бар. Тек халық табысының өсімін «жеп қоятын» инфляциямен күреске баса мән берілмек.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Тұрақты инфляциялық қысым жағдайында орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету өте маңызды. Осы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,3%-ға жетті. Жыл соңына дейін ағымдағы өсу қарқынын ұстап тұру басым міндет болып табылады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жақын перспективадағы бірыңғай мақсаты – инфляция деңгейін 5-6%-ға дейін төмендету.

Ал жаңадан бой көтеріп жатқан «Алатау City-ге» қатысты бірден бірнеше министрлік жұмыс атқаратын болады. Ел аумағында бар сирек жер металдарын өндіру мен өңдеу де басты міндеттердің қатарында.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Саланы дамытудың төрт перспективті бағыты анықталды: Бірінші – батарея материалдары. Екінші – турбиналық қозғалтқыш-тарға арналған ыстыққа төзімді қорытпаларды қайта өңдеу мен өндіру. Үшінші – жартылай өткізгіш материалдар өндіру. Төртінші – тұрақты магниттерді қайта өңдеу. Қазірде осы бағыттар бойынша жетекші елдермен стратегиялық әріптестік орнатылды. 

Президент тапсырмасына орай пайда болатын жаңа министрлікке қатысты қазір тиісті жарлық әзір. Ол  цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі негізінде құрылмақ. Бұдан өзге, білім, туризм салаларын қамтитын жұмыстар көлемі де ауқымды. Ал азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларына арналған біріңғай стандарт желтоқсанға дейін дайындалуы керек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық күмәнды және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Болды. Осы мәселеге нүкте қою керек. Біз әлеуметтк әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау. Ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылу керек.

Жолдау аясында атқаратын жұмыстарын айтқан министрлер қолға алынған іске баса мән берілетінін атап өтті. Жиын соңында Үкмет басшысы бірқатар министрлікке тапсырмалар берді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков