Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қорытынды бойынша елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар болатынын айтты«Қазір Астана қарқынды өсіп келеді. Түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс істеліп жатыр. Бүгін елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылаймыз.Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр. Елорданың көш басында болуы – заңдылық. Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында. Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен Бұл –шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады.Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден сәл асты. Бұл – 32 миллиард доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен».
Мемлекет басшысы Oxford Economics 2025 рейтингінде Астана Азия құрлығында 36-орын алғанына назар аударды«Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерлік. Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерліктей. Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек. Сондықтан дәл осы индекс бойынша келесі жылы Астананың өз рейтингісін жақсартуға мүмкіндігі бар деп есептеймін. Соның арқасында біздің Азиядағы рейтингіміз де артады. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын. Астана басқа аймақтарға үлгі болуға тиіс. Шаһардың экономикалық белсенділігі күшейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Соған сәйкес әкімдікке және мүдделі мемлекеттік органдарға жаңа міндеттер жүктеледі».