Жаңа Конституция жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

  • 7
  • 20.03.2026, 21:35

Жаңа Конституцияның қабылдануы қоғамды жаңғырту үшін жасалған маңызды қадам. Басты құқықтық құжат мемлекет пен бұқараның өзара тұрақты іс-қимылын одан әрі дамытады. Мамандардың айтуынша, бұл қадамдар елдегі саяси реформалардың шешуші кезеңі болды.

Жаңа Конституцияға сәйкес билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер бекиді. Парламенттің ықпалы күшейтіліп, қосымша тетіктер енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім қабылдау үдерісін әлдеқайда сапалы әрі ашық болуын қамтамасыз етеді. Заңдарды қарау ісі тез жүреді.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік органдардың арасындағы қарым-қатынасты белгілі теңгерімдік бағытқа негіздеп берді. Сонымен қатар мемлекеттік басқару институттарына белгілі жауапкершілікті нақтылап жүктеді. Сол арқылы мемлекеттің өзіне жауапкершілікті жүктеп, адамның құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақталуын айқын жазды.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұрын заң деңгейінде болған кейбір нормаларды біз конституциялық деңгейге көтердік. Сол дәрежеде бекіту ол құжаттардың басымдығын және орындалуының маңыздылығын көрсетеді. Сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғайтын нормалардың ауқымды бөлігі қарастырылып отыр.

Жаңа Ата Заң мемлекеттік органдардың міндетінен өзге, елдің тарихы мен даму бағыттарын да нақтылап берді. Соның ішінде азаматтардың білім алуын қамту бағыты айқындалды.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жоғарғы білім бұрын тек әлеуметтік қамтамасыз ету мақсатында берілетін болады. Бірақ қазір үшінші бапта бұл негізгі елдің стратегиялық бағыттарының бірі болып қаралып отыр. Бұл деген көптеген елдерде біз анализ жасадық. Көп елдердің конституциясында жоқ. Сондықтан бұл жалпы адами капиталды біз бірінші бағытқа қойып отырмыз деген сөз.

Жергілікті өзін-өзі басқару институтының дамуына да жаңа мүмкіндіктер жасалмақ. Әсіресе, туындаған мәселелерді тез шешу үшін сол ауыл-аймақ билігінің рөлі артатын болады. Мұндай қадам саяси жүйені жаңғыртуға үлес қосуы тиіс.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Әбілдин