Президент архив саласының мамандарын құттықтады

  • 6
  • 05.08.2026, 19:33

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық архивтің ұжымы мен ардагерлерін 20 жылдық мерейтоймен құттықтап, еліміздің тарихи мұрасын сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат минстрі Аида Балаева биыл Қазақстан Ұлттық архивіне «Ұлттық» мәртебе берілетінін айтты.

Биыл Ұлттық архивтің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Мемлекеттің саяси шешімдері, заңнамалық құжаттары, халықаралық келісімдері, белгілі тұлғалардың жеке қорлары және еліміздің тәуелсіздік тарихын айғақтайтын бірегей материалдар сақталатын орында өз істеріне жанымен берілгендер жұмыс істейді. Осынау ерен еңбек иелерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтоймен құттықтады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Архив қорында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мәліметтер бар. Мекеме мамандары шетелдік архивтерден табылған тарихи жәдігерлерді зерделеп, құнды құжаттарды елге жеткізу жолында елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында архив қоры он төрт ғасырды қамтитын бірегей деректермен толықты. Ұлт шежіресін тереңірек тануға мүмкіндік беретін мұндай игі жұмыстың мәні айрықша екені анық. Бүгінгі басқосуда архив саласын заман талабына сай дамыту жөнінде салиқалы пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін.

Бүгінде цифрланған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ Ұлттық архивте ірі форматтағы құжаттарды сандық жүйеге көшіруге арналған зертхана жұмыс істейді. 

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:

- Архивте сақталған әрбір құжат – ел тарихының нақты ирегі. Ол мемлекетіміздің қалыптасу жолын, қоғамның өзгеруін және ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Ұлттық архивінің орны ерекше. Біз тарихи мұраны сақтай отырып, оны жаңа технологиялар арқылы келер ұрпаққа қолжетімді етуіміз керек. Бұл ретте халықаралық тәжірибе мен өзара ынтымақтастықтың маңызы зор. 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихи құжаттарын сақтап, жинақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуде еселі еңбек етіп келе жатқан сала мамандарына мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Солардың бірі Ұлттық архив ашылғаннан бері табан аудармай, 20 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Әсия Керімтаева.  

Әсия Керімтаева, ҚР Ұлттық архиві Мемлекеттік және ведомстволық архивтермен жұмыс жасау орталығының басшысы:

- Ұлттық архив ашылғалы 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл марапат көп жылғы еңбектің жемісі деп білемін. Архив – өте қызықты мамандық. Біздің Ұлттық архивтің қойнауында керемет құнды құжаттар жатыр. Архивтағы жұмысымды мен ешқандай жұмысқа айырбастамас едім. Себебі бұл жердегі тарихтың қойнауына енесіз. Бүкіл Қазақстанның тарихын көзбен көргендей боласыз.

Бүгінде Қазақстандағы 237 мемлекеттік архивте Ұлттық мұрағат қорының 30 миллионға жуық құжаты сақтаулы. Салада 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді. Архив қорлары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым мен мәдениет өкілдерінің жеке құжаттарымен тұрақты түрде толықтырылып келеді.

Құралай Жұмахан, Қайрат Ақтөреев