СОР17: Қазақстан бастамалары

  • 5
  • 16.10.2026, 18:30

Экологиялық күн тәртібі саяси келіспеушіліктерден жоғары тұруы тиіс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен экологиялық саммитте осылай деді. Президент табиғи мұраны сақтау жолында елде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Және бірнеше бастама ұсынды. Соның бірі – биоалуантүрлілік туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматы қаласында орналастыру.

Сағыныш Әбікей, тілші:

-Адамзатта алаң көп. Соның бірі – табиғаттың тозуы. Сарапшылар дүйім жұртты дүрліктірер көп дерек айтады. Экожүйені сақтап қалмаса, жаһан жұрты аштыққа не түрлі вирустарға қарсы тұра алмауы мүмкін. Сондықтан бұл тақырып төңірегінде әлем көшбасшылары жиі жиналатын болған. Соның бірі – Биоалуандықты  сақтау жөніндегі БҰҰ конференциясы. Екі жылда бір өтетін жиын биыл Ереванда өтіп жатыр.

«Өкініштісі сол, адамзат табиғатқа жасаған қиянатын жалғастырып келеді», - деді бүгін саммиттің ашылуында сөз алған БҰҰ бас хатшысы. Адамзат табиғат-ананың игілігін көріп келеді, бірақ оны қорғауға келгенде қаржы бөлуде қытымыр.  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебінше,  биоалуантүрлілікті  сақтауға бөлінетін қаржы көлемі  100  миллиард АҚШ долларына да жетпейді. Ал саяси сұрақтарда қызылкеңірдек мемлекеттер экологияға келгенде үнсіз қалып жататыны бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Миллиондаған адам үшін су тапшылығы мен жердің тозуы күнделікті өмірдің ажырамас мәселесіне айналды. Ең алаңдатарлығы – бұл үдерістер шекараға бағынбайды, тұрақты дамуға кедергі келтіреді және жаһандық тұрақтылыққа қатер төндіреді. Тиісті шешімдер мен нақты шараларға негізделген экологиялық күн тәртібі саяси келіспеушіліктерден жоғары тұруы керек. Бізге шынайы достыққа, бейтараптыққа және, әрине, нақты нәтижелерге бағытталған халықаралық ынтымақтастық қажет.

Табиғи мұраны сақтау экономикалық прогреспен қатар жүруі керек. Қазақстанның ұстанымы осы. Президент елде атқарылып жатқан ауқымды экологиялық бастамаларға тоқталды. Соның бірі – әрі негізгісі, әрине, «Таза Қазақстан»  жалпыұлттық қозғалысы. Бұл бастама шын мәнінде елде  экологиялық мәдениетті қалыптастырған ұлттық идеологиясының бір бөлігіне  айналды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 -Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің айрықша алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Осы табиғи мұраны сақтау – ұлттық парызымыз әрі халықаралық жауапкершілігіміз. Бұл ұстаным Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Еліміздің тарихында алғаш рет экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жәрдемдесу мемлекеттілігіміздің негізгі қағидаттарының бірі ретінде Конституцияда бекітілді.  Енді азаматтар табиғатты қорғауға және оның ресурстарына ұқыпты қарауға міндетті.

Осы жазда қазақ даласында маңызды оқиға болды. Соңғы 70  жылда алғаш рет Тұран жолбарысы табиғи ортаға жіберілді.  Президент Тұран жолбарысының  популяциясын қалпына келтіруге қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына, оның Президентіне, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдарға алғыс білдірді. Табиғатты қорғау саласындағы маңызды жетістіктеріміздің тағы бірі – ақбөкендер санының артуы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мұз дәуірінен аман қалған бұл ежелгі жануар даламыздағы табиғи тепе-теңдікті сақтауда айрықша рөл атқарады. Бүгінде әлемдегі ақбөкендердің шамамен 98 пайызы Қазақстан аумағында мекендейді. 2003 жылы елімізде олардың саны небәрі 21 мың болған еді. Ал биыл көктемде ақбөкен саны 4,7 миллион басқа жетті. Тау табиғатының мақтанышы саналатын қар барысының популяциясын қалпына келтіру бағытында да үміт күттіретін нәтижелер бар. Қазақстандағы қар барысы мекендейтін аумақтың шамамен 70 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кіреді.

Экологияны жақсартудағы жетістіктермен қатар, алаңдатарлық мәселе де аз емес. Ең өзектісі – Каспийдің жайы. Теңіздің тартылуымен қоса, итбалықтың азайып бара жатқандығын Президент бұған дейін де айтқан. Бүгінгі саммитте тағы да тоқталды. Оған негіз де жоқ емес. Себебі соңғы жүз жылда итбалық популяциясы бір миллионнан 270 мыңға дейін азайып кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізіміне ресми түрде енгізілген. Біз Каспий маңындағы барлық бес мемлекетті және халықаралық қауымдастықты осы түрді қорғау жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырамыз. Арал теңізінің қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың қандай ауыр зардаптарға әкелетінін айқын көрсетеді. Каспий теңізінің де осындай тағдырға ұшырауына жол бермеуіміз керек.

Биоалуантүрлілікті сақтауда Қазақтан не ұсына алады? Қазақстан сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға арналған халықаралық қор құрып жатыр. Сонымен қатар еліміз биоалуантүрлілікті сақтаудың ұлттық онжылдық бағдарламасын жүзеге асырып, Ұлттық генетикалық  биоалуантүрлілік банкін құруға кіріспек. Қазақстан экологиялық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Өңірлік ынтымақтастықты нығайту – маңызды мәселе.  Осы мақсатта Қазақстан Биоалуантүрлілік туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматы қаласында орналастыруды ұсынады. Бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне  Куньмин-Монреаль жаһандық биоалуантүрлілік шеңберлік бағдарламасының ережелерін орындауға көмектесіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды әзірлеуге ықпал ете алады.

Сағыныш Әбікей, тілші:

-Табиғатты қорғау, оның тазалығы төңірегіндегі тақырыптарда Қазақстан үнсіз қалмайды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаһандық бастамалар соның айғағы. Алайда, әлем алыптары экологияны экономикалық мүддеден жоғары қоя ала ма? Ереванда өткен жаһандық жиыннан түйген  түйіткілді сұрақ осы.

Авторалары: Сағыныш Әбікей, Айдос  Меделбеков, Дулат Ентебеков ПТРК көмегімен