Мәжілісте денсаулық туралы кодекс талқыланды
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында осылай деді. Онда бірқатар мемлекеттік органның басшылары, қоғам қайраткерлері, медициналық қауымдастық өкілдері жиналып, ойларын ортаға салды. Құжат жақын арада Мәжілістің бірінші оқылымында қаралатын болады.
Ұлт саулығы – ұлы мақсат. Халықтың денсаулығы туралы сапалы заң – дені сау ұрпақ өсірудің негізгі кепілі. Депутаттар жарты жыл сүзгіден өткізіп, талдаған құжатты Мәжіліс таяуда бірінші оқылымда қарайды. Ал оған дейін Nur Otan партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында кей нормалар тағы бір пысықталды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қоғам өкілдерінің барлық пікірі ескерілгенін атап өтті. Мәселен, кодекстің Үкімет ұсынған нұсқасында трансплантологияда келісім презумпциясын сақтап, органдарды пайдалануға туыстарының рұқсатын ескеру алынып тасталған. Көппен ақылдасқан депутаттар егер адам көзі тірісінде донорлыққа рұқсат етпесе, органдарын алу заңсыз деп өзгертті.
Бақыт Түменова, қоғамдық қор жетекшісі:
- Әртүрлі пікір айтылды. Бүгінгі алаң барлық жақтың ойын ескеріп, баршаға бірдей ортақ шешім шығаруға болатынын дәлелдеді. Депутаттардың да, қоғамдық ұйым өкілдерінің де мақсаты бір. Барлығымыз да осы заңның сапалы болып әзірленгенін қалаймыз.
Тағы бір норма бар. Адамның миы тіршілігін тоқтатқан кезде қазіргі кодекс бойынша ағзаның қызметін жасанды қолдайтын аппараттан өшіру туыстарының рұқсатымен жасалуы тиіс.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз кодекс жобасында адамның миы тіршілігін тоқтатқан жағдайда оның туысқандары тиісті шығынды өтесе, оны жасанды жолмен өмірін қолдауды жалғастыруды ұсынып отырмыз. Халықаралық тәжірибеде мұндай жағдай биологиялық өлім болып саналады.
Алайда көпшіліктің пікірін ескерген депутаттар мұнымен келіспеді. Медициналық тұрғыдан бұл процедура қанша қымбат болғанымен, науқасты жасанды аппараттан тек туыстарының рұқсатымен ғана ажыратуға болатынын қадап айтты.
Мұрат Әбенов, Ұлттық тұтынушыларды қорғау коалициясының төрағасы:
- Ең негізгісі адам ағзасын пайдалану, дәл сол жерде туысқандарынан шетелге алып шығуға рұқсат сұрамай, аппараттардан өшіріп, оның ағзасын рұқсат сұрамай басқаларға беруге қарсымыз. Дәл осы позиция Парламент депутаттары тарапынан түсіністікпен қаралды.
Мұнымен қоса шетелдік дәрілерді сынау азаматтардың келісімімен ғана болуы тиіс деген норма енгізді. Сондай-ақ «вакцина егілмеген бала балабақшаға алынбайды» деген түсінік дұрыс. Осылай деген депутаттар әлеуметтік нысан бұл ретте белгіленген балансты ұстануын ұсынды. Мәжіліс депутаттары сондай-ақ ел аумағына сапасыз дәрі тасымалдауға қатысты жазаны қатаңдатуды нормаға енгізді. Азаматтық қоғам, медициналық қауымдастық өкілдері, сарапшылар қатысқан ашық отырыста барлық тарап құжаттың 16 нормасына қарасты мәмілелі шешімге келді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әлі де жетілдіретін нормалар жұмыс топтарында қайта қаралып, бірінші оқылымға жіберілетінін айтты. Кодекс елдегі медициналық қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуына мүмкіндік туғызатынына сенім білдірді.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аят Дүйсенбаев